Дархан Жазықбай мемлекеттік қызмет саласында жүзеге асырылатын жаңалықтарды айтты

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылдан бастап мемлекеттік қызметке қабылдау толыққанды онлайн режимде жүргізіледі. Бұл туралы бүгін БАҚ өкілдеріне баспасөз турын ұйымдастырған Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай айтты.

Дархан Жазықбай мемлекеттік қызмет саласында жүзеге асырылатын 3 жаңалықты атады
Фото: Kazinform

— Бүгінгі іс-шарамыз мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін ұйымдастырылды. Бұл бойынша Мемлекет басшысының «мемлекеттік органдар қоғамға, бұқаралық ақпарат құралдарына, масс-медиаға ашық болуы керек» деген тікелей тапсырмасы да бар. Сол себепті бүгін БАҚ өкілдерін жинап, агенттіктің атқарылған және алда атқарылатын жұмыстарымен таныстырып отырмыз. Алдағы уақытта да бұл іс-шараны жалғастырамыз. Негізгі мақсатымыз — мемлекеттік қызметке келудің ашықтығын қамтамасыз ету, оны толыққады цифрландыру және HR заманауи құралдарының мемлекеттік органдардағы жұмысын одан ары жандандыру, сонымен қатар қашықтан тереңірек мониторинг жасау арқылы кедергі келтіретін нормативтік-құқықтардың ішіндегі нормаларды немесе артық құжаттарды талдап, оларға өзгеріс енгізіп отыру, — деді агенттік төрағасы БАҚ өкілдеріне.

Сонымен қатар ол агенттік 2026 жылға дейін мемлекеттік қызмет саласында жүзеге асыруды көздеп отырған үш жаңалыққа тоқталды.

Дархан Жазықбай мемлекеттік қызмет саласында жүзеге асырылатын 3 жаңалықты атады
Фото: Kazinform

— Алда жүзеге асырылатын 3 жаңалығымыздың бірі — цифрландыру. Яғни, мемлекеттік қызметке онлайн қабылдау. Оны келесі жылы аяқтаймыз. Екінші — «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңды қоғамның талқылауына шығарып, Парламент қарауына енгізу. Үшінші мақсатымыз — шетелдік әріптестерімізбен қарым-қатынасты жандандыру және адами ресурстарды дамыту бойынша жаңа тәсілдерді Мемлекеттік басқару академиясына енгізу. Осы үш бағытта негізгі жұмысымызды істейміз», — деді Дархан Жазықбай.

Баспасөз туры барысында мемлекеттік қызметке онлайн іріктеуді жүргізуге мүмкіндік беретін «eQyzmet» сыртқы порталының жұмысы таныстырылды. Сондай-ақ аталған жүйеде мемлекеттік қызметшілердің үлкен деректер базасы шоғырланған, ал цифрлық технологияларды қолдану берілген параметрлер бойынша (білім, дағдылар, құзыреттер және өзге де деректер) қатардағы мемлекеттік қызметшілер арасында қандай да бір лауазымға неғұрлым cәйкес келетін кандидаттарды таңдауға мүмкіндік береді.

Іс-шараға қатысушылар мемлекеттік қызметшілердің коммуникативтік дағдыларын жетілдіруге арналған медиа-орталық, Агенттік пен Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының тарихи мұражайы, цифрлық коворкинг-залы, кітапхана жұмысымен танысты. Сонымен қатар, «Жаңа формация басшысы» мемлекеттік саяси қызметшілерге арналған курстарда оқудың қалай өткізілетіндігін көрді. Жаңа формация басшылары үшін әділдік, ашықтық, мемлекетшілдік және халыққа адал қызмет ету қағидаттарын сақтаудың маңыздылығына басымдылық беріледі. Қайта даярлау бағдарламасын іске асыру жаһандық пайымдау, стратегиялық ойлау және көшбасшылық сынды құзыреттерді қалыптастыруға және дамытуға бағытталған.

Соңғы жаңалықтар