Дариға Назарбаева СҚО-ның әлеуметтік нысандарының жұмысына жоғары баға берді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО-да екі күндік жұмыс сапары аясында ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері Дариға Назарбаеваның жетекшілігімен палатаның әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген көшпелі мәжілісі өтті.

Дариға Назарбаева СҚО-ның әлеуметтік нысандарының жұмысына жоғары баға берді

"Дөңгелек үстелде" Қазақстан Республикасындағы мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сапасын жақсарту жөніндегі 2012-2018 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспарын іске асыру мәселелері сөз болды.

Елдің мүмкіндігі шектеулі тұрғындары үшін толыққанды жағдай жасау мемлекет саясатының басым, бірінші кезектегі бағыттарының бірі. ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері Дариға Нзазарбаева кездесуді аша отырып, солтүстікқазақстандықтардың осы бағыттағы жұмыстарына оң баға берді. Әсіресе, мүгедек балаларды оқытумен, тәрбиелеумен айналысатын адамдардың еңбегін ерекше атап өтті.

"Біз үшін Солтүстік Қазақстан облысы мүгедектердің көзқарасы тұрғысынан барлық елге үлгі боларлық әлеуметтік инфрақұрылым нысандары бар болуымен тартымды. Кеше аралап шыққан барлық нысандар ерекше таңдандырды. Мұндағы жұмыстарға көңіліміз толып, еңсеміз көтерілді", - деді Дариға Назарбаева.