08:45, 13 Қараша 2013 | GMT +5
«Дәрігер тапшылығы жойылады» - баспасөзге шолу
АСТАНА. 13 қараша. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 13 қараша, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

*** «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Өзара ықпалдастық орайындағы әңгіме» атты мақала берілген. Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Швейцария Конфедерациясы Кантондар кеңесінің президенті Филиппо Ломбардиді қабылдады. Кездесу барысында екіжақты парламентаралық қарым-қатынастар, сондай-ақ, жаңа технология, энергетика салаларындағы ынтымақтастық пен халықаралық ұйымдар аясындағы өзара ықпалдастық жайы талқыланды. Мемлекет басшысы бұл Ф.Ломбардидің Қазақстанға алғашқы сапары екенін, оған елеулі маңыз беріліп отырғанын жеткізді. - Біз бұдан жиырма жыл бұрын Швейцариямен дипломатиялық қарым-қатынас орнаттық. Елдеріміз арасында жақсы сауда-экономикалық ынтымақтастық орныққан, өзара инвестиция артуда. Бізде екіжақты өзара ықпалдастықтың жағымды қарқынын жалғастыруға деген мүдделілік бар, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.Сондай-ақ, Қазақстан Президенті мемлекетаралық қарым-қатынастарды нығайтуға қомақты үлес қосатын парламентаралық байланыстардың маңыздылығын атап көрсетті. Сонымен қатар бас басылымның жазуынша, «Қазмедиа» орталығының журналистер алдына шыққан кезекті қонағы Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова болды. Ол да Елбасы Н.Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сын-ескертпелеріне өзінің пікірлерін білдірді. - Біз жуырда ғана 2013-2015 жылдардағы бюджеттің анықталуын қарадық. Бюджетке енгізілген 150 млрд. теңгенің игерілмейтіндігі анықталды. Олар негізінен «Бәйтерек», «Астананы дамыту», ЭКСПО-2017 және «Бейнеу темір жолы» сияқты төрт бағыттағы бағдарламалар бойынша ұзын саны 11 бюджет әкімгерлері сұратқан қаражат. Бюджет әкімгерлерінің осыған байланысты түсіндірмелерін біз комитетте тыңдадық, алайда, олардың айтқан әңгімелеріне біз қанағаттанған жоқпыз. Жыл бойы бюджет бірнеше рет анықталады, соның өзінде жыл қорытындысы бойынша Үкімет 30-40 млрд. теңгенің игерілмей қалатындығы туралы айтады. Осының өзі бюджетті қадағалау тәртібінің төмендігін көрсетеді. Елбасы оны орынды сынады. Үстіміздегі жылдың шілде айында Президент жаңа бюджет саясатын жасау туралы өзінің арнаулы Жарлығымен тапсырма берді. Енді бюджет шығындары соңғы нәтижемен байланыстырылатындығы туралы бюджет туралы заңға жаңа өзгерістер енгізілетін шығар. Біз қазір соны күтіп отырмыз, деді Г.Қарағұсова. Осы туралы жарияланған мақала «Жаңа бюджет саясаты олқылықтарды жояр деген үміт бар» деген тақырыппен берілді. *** «Айқын» басылымының жазуынша, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы жол-көлік оқиғаларына қатысты жағдайды бекер көтермеген болатын, осының кесірінен Қазақстан бейбіт уақытта қаншама азаматынан айырылуда. Бірақ сол сыннан Үкімет не нәтиже шығарды? Бұл жөнінде Үкіметтің кешегі отырысында айтылды. Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов апаттарға қатысты жағдай тым «ауыр» болып тұрғанын ашық айтты. ІІМ басшысының мәліметінше, биылғы жылы жол-көлік оқиғалары бірден 59 пайызға өсіп отыр! Егер бұған дейін бұл көрсеткіш 9 мыңнан ғана асса, ал ағымдағы жылы 15 мың 397 апат тіркеліпті. «Жарақат алғандар саны да 67 пайызға артты: 11 мың 925-тен 19 мың 964-ке дейін, - деді Қ.Қасымов. - Бұл жағдай мүдделі министрліктер мен әкімдерден жедел әрекет жасауды, әрбір өңірде осы мәселені шешудің нақты жолдарын іздеуді талап етеді».Біріншіден, бүгінде жол-көлік оқиғаларының 80 пайызы жүргізушілердің кінәсінен орын алады. Бұл жерде жолдағы оқиғалардың әрбір төртіншісі - олардың жылдамдықты шамадан тыс арттыруымен, әрбір оныншысы - дұрыс маневр жасамауымен, әрбір он біріншісі - қарсы бағытқа шығып кетуімен және жаяу жүргіншілерді оларға арналған жолақтарда қағып кетуімен байланысты. Бұл жайында «Жүргізушілердің жауапкершілігі күшейтілді» деген мақалада толық жазылған.Осы басылымда «Дәрігер тапшылығы жойылады» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр.«Басыңыз ауырып, балтырыңыз сыздап емханаға барсаңыз, қағазбастылықтан қажып кетесіз. Енді оған «ауру тарихын» компьютерге енгізетін «жаңалық» қосылды. Бастан өткен жағдай болған соң, баяндап отырмыз. Басқа өңірді айтпағанда, бас қаламыз Астанадағы дәрігерлердің қабылдауындағы уақытыңыздың тең жартысын «ауру тарихыңызды» компьютерге енгізу алады. Енгізетін - компьютер клавиштерін баяу теретін дәрігер. Содан бүгінде 5 жасар бала «5-ке» білетін компьютерді жоғары медициналық дипломы бар маман неге меңгермеген деп таң қаласыз. Сөйтсек, бұл түк емес екен»,-деп жазады мақала авторы. Медицина академиясын бітірген түлектер жұмысқа орналасқан соң қазіргі заманғы медициналық қондырғылармен жұмыс істей алмайтын көрінеді. Мұны басқа емес, Мемлекет басшысы айтқан болатын. Себебі медицина мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындары студенттерді ХХ ғасырға тиесілі қондырғылармен оқытып келген. Енді осы олқылық жойылатын болыпты. Бұл жөнінде Орталық коммуникация қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау вице-министрi Ерiк Байжүнiсов мәлiмдедi. Ол медицина саласына мамандар даярлаудағы қордаланған мәселенің барлығы дерлік алдағы 2-3 жылда шешімін табады деп сендірді. ***«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, алдағы уақытта Қытай елінде өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқан отандастарымыз елге әкелінуі мүмкін. Деректерге сүйенсек, қазіргі таңда Қытайда еліміздің 15 азаматы жазаларын өтеуде. Олардың үшеуі 10 жылға бас бостандығынан айырылған болса, 12-сі қалған ғұмырларын өмір бойы түрмеде өтеуге кесілген. Бас прокурордың орынбасары Жақып Асанов: «Мәселен, еліміздің азаматы Қасенов пойызда жолсерік болып жүріп, қызыл кітапқа енген тасбақаны тасымалдағаны үшін өмір бойы бас бостандығынан айырылған. Қазір ол 2002 жылдан бері Үрімші қаласында жазасын өтеуде. Қасеновтің туыстары оны шекара асып, түрмеге іздеп барып тұру қиын екенін айтып, елімізге ауыстыру туралы өтініштерін білдіруде. Енді Қасеновті елге әкелу мәселесін Қытай тарапы шешеді. Мұндай қылмыс үшін бізде үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», - деді. Дәл қазір осы мәселеге қатысты құжаттар даярлануда. Егер екі ел өзара келісімге келетін болса, елімізде жазасын өтеп жатқан 20 шақты Қытай азаматы да өз елдеріне қайтарылуы мүмкін. Осы орайда «Шетел түрмелерінде жазасын өтеп жатқан Қазақстан азаматтарын елге әкелу керек пе?» деген тақырыппен шыққан мақалада бірқатар мамандардың пікірі келтірілген.Осы басылымда «Жол мен көліктен келер қайғы қашан азаяды?» деген мақала берілген. Жол-көлік апаттары салдарынан орын алып жатқан қайғылы оқиғалар жыл өткен сайын артып келеді. ҚР Ішкі істер министрлігінің Жол полициясы комитетінің мәліметтеріне жүгінсек, бір айда - 829, екі айда 1559 көлік оқиғасы тіркеледі екен. Сұрғылт суық статистика мұнымен шектелмейді. Соңғы он жылда арты кісі өлімімен аяқталған қайғылы оқиғалардың да саны көбейе түскен. Кейінгі он жылда орын алған жол-көлік оқиғасының салдарынан 32 000-нан астам адам қаза тауыпты. Ал 168 мыңы жарақаттанған. Жол-көлік оқиғаларының жыл өткен сайын көбейіп, одан көз жұмғандардың саны да толас таппай тұрғанын құзырлы орындар да жоққа шығармайды. Ішкі істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, биылғы сегіз айда 13 мыңнан астам жол-көлік апаттары тіркелген. Сонда 1 823 адам майып болған. 17 мыңы жарақат алған көрінеді. Былтырғы осы кезең бойынша жол-көлік оқиғалары - 57 пайызға, мерт болғандар 4 пайызға, жарақат алғандар 65 пайызға артқан екен. Басқа өңірлермен салыстырғанда жол-көлік оқиғасы ең көп орын алатын аймақ ретінде Алматы қаласы айтылыпты. Оның бір айдағы көрсеткіші - 167 оқиға. Ал Алматы облысында - 93. Бұдан кейін екінші орында Оңтүстік Қазақстан облысы - бір айда - 90, екі айда - 223. Одан соң Павлодар бір айда - 69, екі айда 113 жол-көлік оқиғасы болған.