Дәрігерлер ревакцинацияның маңыздылығы туралы айтты
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қалада COVID-19 ахуалының тұрақтанғанына қарамастан, ревакциналану бойынша ауқымды науқан басталады. Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Светлана Сұлтанғазиева мен Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында осы мәселені кеңінен айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Светлана Сұлтанғазиеваның айтуынша, COVID-19 вакциналарының жаңа штаммдарға қарсы қорғаныс әсері төмендеуі мүмкін, сондықтан ревакциналану ұсынылады.
«Ревакциналану процедурасынан алғашқы вакциналанудан кейін 6 немесе 9 айдан кейін өту керек, бұл коронавирустың жаңа нұсқаларынан дұрыс қорғаныу үшін қажет», - деді дәрігер.
Спикер Алматыда бар «Vero Cell», «Спутник V» және QazVac вакциналарының барлығы «дельта» нұсқасына қарсы жақсы қорғаныс және профилактикалық қасиеттерге ие екенін атап өтті.
Өз кезегінде, Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова ревакцинация кезінде ұжымдық иммунитет дербес қалыптаспайтынын тілге тиек етті.
«Мұндай вакциналану алдыңғы екпеден соң немесе адам ауырғаннан кейін пайда болған ағзаның иммундық реакциясын қолдауға және күшейтуге мүмкіндік береді. Ревакциналану кезінде ұжымдық иммунитет дербес қалыптаспайды. Аурудың төмендеуі үшін вакциналану және ревакциналанудан соң 75-80% аралығында ұжымдық иммунитет қажет», - деді ол.
Эпидемиолог қазіргі ахуалдың тұрақтануына және дерттің өсу қарқынының төмендеуіне қарамастан, инфекцияның таралуын азайту туралы әлі ерте екенін атап өтті.
«Біз екпе алып, содан соң ревакциналансақ, онда инфекцияны жеңуге болады», - дейді Әсел Қалықова.