«Дәрігерлер сауатты жазуды қашан үйренеді?» - республикалық басылымдарға шолу

None
None
АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 6 желтоқсан, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында «Тағы жеті партия партиялық тізімін тапсырды» атты мақала жариялады. Басылымның жазуынша, Орталық сайлау комиссия­сы­ның ақпараттары бойынша, Мә­жіліс де­пу­тат­тығына кандидат­тар­дың тізімін тіркеуден өту үшін Орталық сайлау ко­мис­сиясына 3 желтоқсанда Қазақстан­ның Коммунистік халықтық партиясы, ал кеше Қазақстан Патриоттар пар­тия­сы, Қазақстанның социал-де­мократия­лық «Ауыл» партиясы, «Әділет» де­мо­кратиялық партия­сы, «Руханият» пар­тия­сы, Жал­пы­ұлттық социал-демо­кра­тиялық партиясы және Қазақстанның «Ақжол» демократиялық партия­сы партиялық тізімдерін тап­сырды.

Сондай-ақ осы басылым бүгінгі санында «Жазылған жайдың жаңғырығы» деген айдармен бірқатар азаматтардың пікірлерін жариялаған. Солардың бірі Жамыл облысы Байзақ ауданының әкімі Батырбек Құлекеевтің «Тарихи күн тасада қалмауы керек» атты мақаласы. Аудан әкімі онда «1991 жылдың 1 желтоқсаны әрқашанда біздің тарихымыздың Бірінші Күні, Ұлы Күні болып қала береді, бар­лық уақыттарда да Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев есімімен тығыз байла­ныс­та болады. Қазақстан азамат­тары­ның 1 желтоқсанды жал­пыұлттық мереке - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті Күні деп жариялау ту­ралы көптеген өтініштері оған нақты айғақ болып табылады. Ізгі ниетті отандастарымның жүректен шыққан осынау әділ тілектеріне бүкіл жан-тәніммен қосыламын және бұл Күннің біз­дің халқымыздың бүгінгі және болашақтағы ең сүйікті мерекелерінің біріне айна­ла­ры­на берік сенемін», деген жол­дар­ды оқыған қазақстан­дық­тар­дың: «Дұрыс. Тәуелсіз еліміздің тарихына осылай қарауымыз керек», деген ойымен бөліседі.

***

«Айқын» басылымы бүгінгі санында «Ғылым мен инновация қатар жүруі тиіс» атты мақала жариялады. Мақалаға кеше ғана елімізде Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай ұымдастырылған Инновациялық форумда көтерілген мәселелер арқау болған. Басылымның жазуынша, Қазақстанда Елбасының тікелей тапсырмасымен кәсіпкерлерді қолдайтын, рейдерлікке қарсы заңнама түзілуде. «Оның үстіне ғылым мен иннновацияны Президенттің өзі жеке қамқорлығына алған деуге болады. Сондықтан болса керек, мемлекеттің меншігіндегі компаниялар жасампаз ғалымдар мен өнертапқыш инноваторларды демеуге міндеттелуде», - деп жазады басылым. Аталмыш жиында көтерілген мәселелер жөнінде «Айқынның» бүгінгі санынан кеңірек білуге болады.

Сондай-ақ аталмыш басылымбүгінгі санында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловпен болған сұхбатты жариялады. Аталмыш сұхбатта ОСК төрағасы «Ел Парламенті бірпартиялық жүйеден көппартиялы жүйеге көшеді. Бұл партиялар арасындағы бәсекелестіктің артуы және ол көптеген мемлекеттердің басып өткен баспалдағы. Бұл елдің дамуы кезеңіндегі келесі бір белес. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығында Қазақстан Республикасының осындай қадамға баруы - демократиялық дамуының көрінісі», - деген ойларымен бөліседі. Сұхбат «Дауыс беру- әр адамның азаматтық парызы» атты тақырыппен басылды.

***

«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «Өскелең ұрпаққа тәрбиесі берік ұйымдар қажет» атты мақала басты. Басылымның жазуынша, балалар мен жасөспірімдердің патриоттық сезімін қалыптастыруда ата-ана тәрбиесімен қатар оқу орындарында оқушыларды бір мақсатқа жұмылдыру идеясын жүргізу аса қажет. «Жасыратыны жоқ, Тәуелсіздіктің алғашқы 20 жылында ақсап қалғанның бірі осы сала. 90-шы жылдардан бері жастардың бойына патриоттық рухты қалыптастыруды, қала берді, ұлттық идеологияны телеарналар жүргізіп келді. Мемлекеттік телеарналар ұлттық тұтастықты насихаттағаны үшін сын мен міннен көз ашпай келеді. Бірақ мемлекетшілдікті жарнамалау қажет. Себебі басқа балама жоқ», - деп жазады басылым.

Сондай-ақ аталмыш басылым бүгінгі санында жақсы бір мәселе көтеріпті. Басылымның жазуынша, қоғам дәрігерлердің түсініксіз жазуынан құтыла алмай келеді. Олардың жазып берген диагнозы таңбалы тастағыдай тым түсініксіз. Елдегі ауруханалар мен емханалар түгелдей компьютерлендірілмеген. Дәрігерлер ауру тарихын қолмен жазады. Ал жазғандары түсініксіз. Нәтижесінде олардың жазуларын тіпті дәріханашы әріптестері де түсінбей жатады. Бұл мәселенің жай-жапсарын «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Дәрігерлер сауатты жазуды қашан үйренеді?» атта мақаладан білесіздер.

***

«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, Бүгін Литва астанасында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің 18-ші мәжілісі басталды. 56 елдің өкілдері осы кездесу барысында Литваның халықаралық ұйымға төрағалығы барысында Астанада өткен тарихи Саммитте қабылданған шешімдер негізіндегі атқарған істерін талдап, оған баға береді. Бұл шараға қазақстандық делегацияны Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов бастап барады. Аталмыш жиынға байланысты мәселелер жөнінде «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Дух Астаны» над Балтией» атты мақалада таратылып жазылған.

Соңғы жаңалықтар