Дәрігерлер жеңілдігі бар дәрілер рецептін тоқсанына бір рет жазып береді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дәрігерлер жеңілдігі бар дәрілер рецептін созылмалы аурулары бар диспансерлік есепте тұратын науқастар үшін тоқсанына бір рет жазып береді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің 2015 жылдың қорытындысы бойынша және 2016 жылғы алда тұрған міндеттер туралы кеңейтілген алқа отырысында министрлік басшысы Тамара Дүйсенова мәлімдеді.
None
None

Министр Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шараларының аясында диспансерлік есепте тұрған ауруларға жеңілдігі бар дәрілік заттарды беру процедураларын оңайландыру қарастырылатынын хабарлады.

Осы мақсатта дәрі алу рецептінің сызбасын өзгерту ұсынылады. Дәрігерлер жеңілдігі бар дәрілер рецептін созылмалы аурулары бар диспансерлік есепте тұратын пациенттер үшін тоқсанына бір рет, қымбат дәрілер алатын ауыр түрдегі сырқаттанғандар үшін ай сайын жазып беретін болады. Дәріханалар пациенттерге берілген рецепттер негізінде сәйкес дәрілік заттарды беріп, олардың есебін жүргізеді. Жеңілдігі бар дәрілерді беру процедураларының барлығы автоматтандырылады деп жоспарлануда.

«Қазіргі таңда Қазақстанда 2 млн-нан астам жеңілдігі бар дәрі алушы пациенттер бар. Олар ай сайын рецепт алу үшін алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына (МСАК) барады. Бұл шара МСАК ұйымдарындағы кезекті едәуір төмендетеді, медқызметкерлер жүктемесін азайтып, қағаздағы құжат айналымын қысқартады», - деді Тамара Дүйсенова.

Соңғы жаңалықтар