«Дәрігерлердің «баланы бесікке бөлеу зиян» деген тұжырымымен келісесіз бе?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 24 шілде. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 24 шілде, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Дәрігерлердің «баланы бесікке бөлеу зиян» деген тұжырымымен келісесіз бе?» - баспасөзге шолу

Кеше еліміздің бас қаласы - Астанаға халықаралық The Sun Trip атты веложарыс жобасына қатысушы Раф Ван Холь бірінші болып жетті. «The Sun Trip: Астана ЭКСПО-2017 бағытында» атты бұл халықаралық веложарыс үстіміздегі жылғы 15 маусымда Францияның Савойя қаласынан бастау алған болатын. «The Sun Trip: Астана ЭКСПО-2017 бағытында» атты бұл халықаралық жарыстың басты мақсаты - елордамызда 2017 жылы өтетін Бүкіләлемдік көрменің бас тақырыбы - «Болашақ энергиясын» жаһандық ауқымда насихаттау болып табылады. Халықаралық веложарысқа қатысушылар Астанаға дейінгі өз сапарларының бағытын өздері таңдады. Сапар барысында велошабандоздар Венеция, София, Бухарест, Одесса, Ыстамбұл, Сочи, Баку, Атырау және Ақтөбе қалаларына тоқтады. Бәсеке барысында «Solar Wind» командасының өкілі Раф Ван Холь мәреге бірінші болып жетті. Ол 38 күн аралығында, жеті мың шақырымнан астам қашықтықты өзінің күннен нәр алатын көлігімен жүріп өтті. Тау шыңын, халықаралық автобандар мен дала жазықтарын бағындырған велошабандоз: «Қазақстан - өте тартымды ел! Еуропа жұртшылығының көпшілігі Қазақстанның қандай ел екенін және мұнда шексіз әсем дала бар екенін білмейді. Сол себептен мен өз көзіммен көріп, жағымды пікір алу үшін осы сапарға шықтым!» - деп атап өтті. Бұл мақала «Егемен Қазақстан» басылымында «Халықаралық веложарыс жеңімпазы - Астанада» деген тақырыппен берілген.

Осы басылымда «Алты пайыздың ауылы алыс емес» атты тақырыппен мақала басылған. Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен селекторлық режімдегі Үкімет отырысында әлеуметтік-экономикалық дамудың және мемлекеттік бюджеттің ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында орындалу қорытындысы қаралды. Сондай-ақ, келесі жартыжылдықтың міндеттері талқыланды. Дағдарыс дертінен әлем әлі де айыға алған жоқ. Жаһан жұртын жабырқатып, дүниені дүрліктірген қаржылық тоқырау тауқыметін тартып жатқандар қазір де аз емес, әрине. Десек те, әрбір ел бар халінше қарекет қылып, бұл аласапыраннан аман шығуға, экономикасын барынша тұрақты сақтап қалуға тырысып бағуда. Иә, төрткүл дүниені «тітіркенткен» дағдарыс заманында ешбір ел өз бетінше оза шауып, дамудың дара даңғылына түсе қоймасы анық. Себебі, сыртқы экономиканың әсері орасан. Қарыштап, қара оздырмасақ та, кешегі Үкімет отырысында мәлім болғандай, Қазақстан экономикасының даму қарқыны жаман емес.


***

«Сіздің телефоныңыздан бірлік ұрланып жатқан жоқ па? Әр ұялы телефонның ең жеке бөлігі болып есептелетін SIM-картаны бұзу үшін екі минут жеткілікті. Security Research Labs компаниясының негізін қалаушы Карстен Нол (Karsten Nohl) белгілі бір типтегі SIM картаны екі SMS хабарлама арқылы бұзуға болатынын хабарлады. Ал әлемде ондай типке жата­тын байланыс карталарының саны - 750 миллион»,-деп жазады «Айқын» басылымы «750 миллион ұялы телефон бұзылуы мүмкін» деген мақалада. Компьютерлік қауіпсіздік жөніндегі неміс маманы Карстен Нол ұялы байланыс операторынан келгендей көрінетін қажет тәртіппен жіберілген «жалған» хабарламаға әлемнің әр төртінші SIM-картасы автомат­ты түрде жауап береді екен. Хабарламаға автоматты түрде жауап берілгендіктен, оны қолданушының байқай қоюы екіталай. Келген жауап 56-биттік шифрлеу кілтін қам­тиды. Нол соны пайдаланып, тағы SMS-хабарлама арқылы SIM-картаға вирус жұқтыра алатынын айтады. Зерт­теушінің айтуынша, қауіпті микропрограм­маның көмегімен қаскүнем телефон иесі жайлы толық мәліметке қол жеткізіп, хат алысуларды оқу, көру, жою мүмкіндігіне ие болады. Тіпті оператордағы дербес шоттан төлемдер де жасай алады. Нолдың айтуынша, мұндай әдіспен SIM картаны бұзу үшін тәжірибелі маманға екі-ақ минут жеткілікті.

Осы басылымның жазуынша, облыстар мен қалалардың әлеуметтік - экономикалық даму рейтингі жағынан 2012 жыл қорытындысында Атырау облысы, Астана мен Алматы қалалары көш басында тұр. Бұл туралы Статистика агенттігінің төраға орынбасары Жасер Жарқынбаев хабарлады. «Аталған рейтингтегі соңғы үш орынды Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары алды», - деді Ж. Жарқынбаев үкімет отырысында. Оның айтуынша, 2010 - 2012 жылдар аралығында облыстар мен қалалардың әлеуметтік - экономикалық даму рейтингі өзгеріссіз қалды. Ж. Жарқынбаев, өңірлердің көрсеткіштеріндегі айырмашылықты айқындайтын ең басты фактор - экономикаларының дамуы, екінші орында - бюджетке түсімдер, халық тұрмыс-түршілігінің деңгейінің көрсеткіші мен шағын және орта бизнестің дамуы екенін жеткізді. «Егер рейтингіге облыстардың әлеуметтік-экономикалық дамуының серпіні бойынша қарасақ, жағдай басқаша. 2012 жыл қорытындысында ең серпінді дамып келе жатқан өңірлер үштігінде - Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстары. Рейтингіде төменгі орындарды Қостанай облысы, Астана мен Алматы алады», - деді ол.

***

«Алаш айнасы» газетінің күнделікті «ОЙ-КӨКПАР» айдары «Дәрігерлердің «баланы бесікке бөлеу зиян» деген тұжырымымен келісесіз бе?» деген сауалға арналады. Ғасырлар бойы қазақ отбасының ажырамас бір бөлігі болып келген қасиетті бесікті пайдаланушылар қатары күн санап азайып барады. Себебі бүгінгі күннің дәрігерлері жас аналарға «бесік балаға зиян» деп үгіт-насихат жүргізіп отыр. Тіпті медициналық оқу орындары да дәрігер мамандарды осылай оқытып жатқан көрінеді. Дәрігерлер «сәбиді бесікке бөлеуге болмайды, ол қазіргі медицина талабына сай емес, бала денсаулығына зиян келтіреді, тіпті қауіпті» деген тұжырым жасап отыр екен.

Осы басылымда «Ұлттық паркті жаяу күзетіп жүрміз» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Бүгінде елімізде мемлекеттің қамқорлығына алынған он мемлекеттік ұлттық табиғи парк жұмыс істейді. Оның төртеуі - Алматы облысында (Іле Алатауы, «Алтынемел», Шарын және «Көлсай көлдері») болса, екеуі - Ақмола («Көкшетау» және «Бурабай»), біреуі - Павлодар (Баянауыл), біреуі - Оңтүстік Қазақстан (Сайрам-Өңем), біреуі - Қарағанды (Қарқаралы) және біреуі Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан. Осы парктердің ішіндегі ең үлкені, ең ауқымдысы - Шығыс Қазақстан облысындағы Қатонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Бір кездері осы парк аумағында құстың 260 түрі болған деседі. Тіпті, қауіп төнген кезде ұшатын тиінге дейін осы паркті мекен етеді. Қызыл кітапқа енген қар барысы да - осында. Өкінішке қарай, бүгінде осынау аумағы атшаптырым паркте түйіні тарқамаған мәселе көп. Соның бірі - мініс аттардың тапшылығы.