Дастан Сәтпаев «Бернли» сапындағы алғашқы ойынын өткізді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаев Англия чемпионшипінде ойнайтын «Бернли» командасы сапында алғашқы ойынын өткізді.

Дастан Сәтпаев ресми түрде жаңа командаға ауысты
Фото: @d.satpayev / instagram

«Бернли» екінші турда сырт алаңда «Вест Бромбич Альбион» клубымен жасыл алаңға шықты.

Кездесу барысында қазақстандық футболшы қосалқы құрамнан бастады. Ойынның 57-минутында «Бернлидің» бас бапкері Грегуар Кудер оған сенім білдіріп, отандасымыз жасыл алаңға шығуға мүмкіндік алды. Осылайша, Қазақстан тарихында Англия чемпионатында ойын көрсеткен қазақстандық тұңғыш футболшы атанды.

Кездесу барысында Дастан Сәтпаев гол соға алған жоқ. Сондай-ақ нәтижелі пасымен де ерекшелене алмады. Соған қарамастан бірнеше сәтте қарсылас команда ойыншыларын алдап өтіп, «Вест Бормбич Альбион» қақпасына қауіпті шабуыл ұйымдастырды.
Айта кетсек, қазақстандық шабуылшы «Бернли» командасы құрамына жақында қосылды. Оған дейін Англияның «Челси» клубы футболшымен келісімшартқа қол қойып, бернлилік командаға жалға беруге шешім қабылдады.

Алғашқы екі турдан кейін «Бернли» 1 ұпай жинап, турнир кестесінде 18-орында келеді. Олар біріншіліктегі алғашқы кездесуінде «Вест Хэм Юнайтед» клубымен 1:1 есебіне қанағат білдірген еді. Бұл матчқа Дастан Сәтпаев қатыса алған жоқ. 

Енді олар алдағы ойынын 29 тамызда сырт алаңда «Норвич сити» командасына қарсы өткізеді. 

Дастан Сәтпаев 2008 жылы 12 тамызда Алматыда дүниеге келген. 2024-2026 жылдары алматылық «Қайрат» сапында 41 кездесуде 21 гол соғып үлгерді.

Ал Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 2025 жылдан бері жеті кездесуде бір мәрте мергендік танытты.