Дәстүрлі садақ атудан Қазақстанның әлемдік бәсекедегі деңгейі қандай

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның дәстүрлі садақ атушылары VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында төрт медаль жеңіп алды. Оның ішінде Орталық Азия санаты бойынша алтын және күміс жүлде бар.

ұлттық спорт
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Дәстүрлі садақ атудың қазіргі жай-күйін Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында Республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті Нартай Аралбайұлы айтып берді.

Нартай Аралбайұлы
Фото: видеодан алынған скрин

Оның айтуынша, биылғы Көшпенділер ойындарында дәстүрлі садақ атудан Қазақстан атынан үш ер және үш әйел спортшы бақ сынаған. Құрама мүшелері рейтингке қарап емес, арнайы іріктеу жарысының қорытындысы бойынша таңдалған.

– Біз маусым айында Астана қаласында дәстүрлі садақ атудан чемпиондар лигасын өткіздік. Жүлде қоры 5 млн теңгеден астам болды. Бірінші орын алған ер адам мен әйелге 1 млн 300 мың теңгеден, екінші орын иелеріне 700 мыңнан, үшінші орын алғандарға 500 мың теңгеден ақшалай сыйлық берілді. Сол жерде үш ер және үш әйел спортшыны таңдадық. Рейтингке қарамай, ұлттық құраманың ең мықтыларын іріктедік, – деді Нартай Аралбайұлы.

Федерация президентінің айтуынша, Көшпенділер ойындарына Қазақстаннан барған алты садақшының төртеуі жүлделі орын алған.

– Алты спортшымыздың төртеуі жүлделі орын алды. Орталық Азия санаты бойынша алтын да, күміс те бізде. 55 мемлекеттің арасынан төрт медаль алып кету – біз үшін үлкен жетістік. Жалпы есепте де топ жарып отырмыз, – деді ол.

Қазақ садақшылары халықаралық жарыстарда да топ жарып жүр

Нартай Аралбайұлының айтуынша, Қазақстанның дәстүрлі садақ атудан халықаралық аренадағы нәтижесі соңғы жылдары жақсарып келеді.

Өткен жылы Кореяда дәстүрлі садақ атудан халықаралық кубок өтіп, онда Қазақстан спортшысы алтын медаль жеңіп алған. Бұдан кейін Индонезияда 200 метрлік нысанаға атудан өткен жарыста қазақстандықтар екі алтын медаль және бас жүлдеге ие болған. Ал Түркістанда өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы үздік нәтиже көрсеткен.

– Кеше ғана Түркияда Фетих кубогы өтті. Қарапайым тілмен айтқанда, футболдағы Чемпиондар лигасы қандай болса, Фетих кубогы дәстүрлі садақ атудан біз үшін сондай деңгейдегі жарыс. Командалық есептегі алтын медальдардың барлығын қазақ садақшылары иеленіп, елге алып келді, – деді федерация президенті.

Ол Қазақстан мергендерінің Көшпенділер ойындарында да өз деңгейін тағы бір мәрте дәлелдегенін атап өтті.

– Қазақ садақшылары әзірге алдына қара салып көрген жоқ. Тіл-көзіміз тасқа. Мергендеріміздің атқан жебесі нысанаға дөп тие берсін, – деді Нартай Аралбайұлы.

Оның айтуынша, халықаралық жарыстарда қазақ садақшылары бір-бірімен бәсекеге түсіп қалмаса екен деген тілек те жиі айтылады. Себебі Қазақстанның мергендері қазір халықаралық деңгейде өзара бәсекелестікке түсетіндей дәрежеге жеткен.

– Сексеуіл сексеуілді ұрып қана сындырады дегендей, қазақ садақшысын жеңетін – қазақ садақшысы ғана, – деді ол.

Көшпенділер ойындарында әйелдер арасындағы жарыста да Қазақстанның екі спортшысы финалға шыққан.

Қазақстанның негізгі қарсыластары кімдер?

Федерация президенті дәстүрлі садақ атудан Қазақстанның халықаралық аренадағы қарсыластарының да мықты екенін атап өтті.

– Біз үнемі бәсекелес командаларды назардан тыс қалдырмаймыз. Жылына кемінде бес-алты рет елде және шетелде оқу-жаттығу жиындарын өткіземіз. Бізбен үнемі үзеңгі қағыстырып отыратын садақшылар – Моңғолия, Қырғызстан, Мажарстан, Корея және Түркия спортшылары. Әсіресе Түркия садақшыларымен мәреге тең түсіп жатамыз, – деді Нартай Аралбайұлы.

Оның айтуынша, аталған елдердің спортшылары да жыл сайын шеберлігін арттырып, жаңа нәтижелерге жетіп келеді. Сондықтан Қазақстан құрамасы халықаралық жарыстарға тұрақты дайындық жүргізеді.

Көшпенділер ойындарынан кейін Атырауда дәстүрлі садақ атудан әлем кубогы өтеді. Оған әлемнің үздік садақшылары қатысады деп жоспарланып отыр.

Дәстүрлі садақ атудың ерекшелігі неде?

Нартай Аралбайұлы дәстүрлі садақ атудың басты ерекшелігі – спортшының табиғи қабілеті мен эмоциясын басқара білуінде екенін атап өтті.

– Садақ ату – эмоцияны меңгерудің, оны игерудің көрсеткіші. Қалаған сәтте дер кезінде жебені шүріппеден жіберіп үлгеру керек, бірақ артық эмоцияға берілмеу қажет, – деді ол.

Оның айтуынша, соңғы жылдары дәстүрлі садақ атудан жарыстарға бинокль, электронды көрсеткіштер секілді заманауи құралдар ене бастаған. Қазақстан тарапы бұл өзгерістерге қарсы болған.

– Біз қазақ садақшылары ретінде бұған қарсы болдық. Өйткені осылай жалғаса берсе, дәстүрлі садақ ату толық цифрлық форматқа өтіп, өзінің табиғи ерекшелігін жоғалтуы мүмкін. Былтыр Кореяда өткен жарыста халықаралық қауымдастық осы мәселені талқылап, дәстүрлі ережелерге қайта оралу туралы шешім қабылдады, – деді федерация президенті.

Енді жарыстарда спортшылар нысанаға атқаннан кейін оның нәтижесін электронды құралмен бірден анықтамайды. Садақшылар өздері нысанаға барып, жебелерін жинайды, ал төрешілер сол жерде нәтижені есептейді.

«Оқтың нысанаға тигенін өз көзіңмен көру – ерекше сезім»

Нартай Аралбайұлы дәстүрлі садақ атуда спортшыға түсетін психологиялық салмақтың да жоғары екенін айтты.

– Мысалы, сіз 60-70 метрден бутанға, 40 метрден нысанаға немесе 30 метрден жамбыға атасыз. Жақында біз қазақтың дәстүрлі нысанасы – «Оқжетпес» нысанасын енгіздік. Ол әлемдік деңгейде тіркелді. Индонезияда 200 метрлік нысанаға, ал келесі жарыста 300 метрлік нысанаға атылуы мүмкін. Сіз жебені атқаннан кейін қатардағы барлық қарсыласыңызбен бірге барып, оғыңыздың қай жерге тигенін көресіз. Тимеген жебелеріңізді жинайсыз. Нағыз эмоционалдық қысым немесе керісінше эмоционалдық үстемдік сол кезде сезіледі, – деді ол.

Федерация президенті дәстүрлі садақ атудың осындай табиғи ерекшеліктерін сақтаудың маңызы зор екенін атап өтті.

– Ұлттық спорт – ұлттың ұлттық коды. Біз бұл дүниелерді неғұрлым көбірек айтқан сайын, қанында қазақылығы ойнаған кез келген азаматтың өткенін ойлап, болашағына бағдар алатынына сенеміз, – деді Нартай Аралбайұлы.

Айта кетейік, бұған дейін, 30 жылдай мұғалім болып, бір жылда әлемнің үздік садақшысы атанған шығысқазақстандық әйел жайлы жазған едік.