Дәстүрлі журналистиканың дәуірі мен дәурені

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның заманауи медиа кеңістігі түбегейлі трансформация кезеңіне аяқ басты. Тілшілер жасанды интеллектке ілессе, медиа ұйымдар ақпарат ағыны мен тың технологияны қабыстыруға қам жасауда. Оның үстіне екі жыл бұрын қабылданған «Масс-медиа туралы» заң елдегі ақпараттық қауіпсіздік пен журналистер қызметін жаңа арнаға бұрған еді. Осы орайда Kazinform тілшісі отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілетті мен кәсіби деңгейіне шолу жасады.

СМИ
Коллаж: Kazinform / ЖИ

Дәстүрлі медиа несімен құнды?

Ел арасында дәстүрлі медиаданың жұмысын мансұқтайтын пікір көп. Газет-журнал оқылмайды, телеарнаның көрермені аз деген сын-ескертпені жиі естиміз. Расында жағдай солай ма, дәстүрлі медианың аудиториясы шынымен аз ба?

Қазақстандық қоғамдық даму институының дерегінше, халықтың 54,3%-ы ақпаратты әлеуметтік желі мен жаңалық сайтынан, 47,8%-ы телеарнадан алады екен. Сондықтан газет-журнал, телеарна мен радионың «күні батты» деу әлі ерте. Медиа ұйымдар оқырман ойысқан платформаларға ақпаратты бейімдеп, заманауи технологияны дендеп енгізуде. Мұның бәрі желдей жүйткіген жаңалықты барынша нақты әрі бұрмалаусыз беруге септеседі.

Әрине, медиаиндустрияның бүгінгі бейнесі біршама өзгергенін жоққа шығаруға болмайды. Ақпарат таратушы ұйымдар цифрлық дағдыны жетілдірмесе, алғашқы дереккөз болу деңгейінен айырылатынын әлдеқашан көрдік. Нарықтың түбегейлі өзгеруі салдарынан жаңалықтар порталы, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер алдыңғы қатарға шықты. Мысалы, желідегі кей жазбаның қаралымы басылымдардың оқырман санынан асып түсетін кез көбейді. Тіпті қолынада смартфоны бар әрбір адам тілшіге айналып, шағын медианы қалыптастыра алатын күн туды.

– Алайда мен «Дәстүрлі медианың дәурені өтті» деген пікірмен келіспеймін. Керісінше, газеттер мен телеарналар жаңа форматқа көшіп, инновациялық мультимедиялық платформа құрып, заман талабына сай дамып келеді. Олардың басты артықшылығы — мәселені терең талдап, шолу мен сараптама ұсына алуында. Ақпараттық кеңістікте қарабайыр тақырыптар қаптап, ұсақ-түйекті сөз қылу көбейген заманда сапалы әрі өзекті журналистиканың маңызы еселеп артады. Сондықтан, менің ойымша, дәстүрлі БАҚ қым-қиғаш уақиғалар нөпірінде қоғам үшін ақпарат айдынындағы компас, тіпті идеологиялық бағдар рөлін алдағы уақытта да атқара береді, – деді мемлекет басшысы.


Бәсекеге төтеп берер төрт жол

Дәстүрлі медианың жаңа форматқа көшуі түсінікті, алайда оның нақты үлгісін табу қиын. Дәстүрлі медианың бәсекеге қабілеті кенжелетін отырғаны да осы бағыт-бағдардың көмескілігінде

«Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбай дәстүрлі медиа әлеуметтік желі сенім үшін бәсекелесіп отыр деп санайды.

– Ақпарат тарату жылдамдығы бойынша журналист ешқашан әлеуметтік желіні немесе жасанды интеллектіні басып оза алмайды. Бірақ журналистиканың миссиясы ешқашан жылдамдық болған емес. Журналистиканың күші – тексерілген деректе, редакциялық жауапкершілікте, кәсіби этика мен қоғамға оқиғаның мәнін түсіндіре білуінде. Президенттің «газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр» деген сөзі де осыны меңзейді, – дейді Бибігүл Жексенбай.

Фото: facebook.com/BibigulZheksenbay

 

Медиа маманның пікірінше, дәстүрлі медианы күшейту үшін төрт бағытқа арқа сүйеу қажет. Олар:

· цифрлық трансформацияны толық аяқтау;

· дата және зерттеу журналистикасын дамыту;

· өңірлік медианың экономикалық тұрақтылығын күшейту,

· мемлекеттік ақпараттық тапсырысты сапа мен қоғамдық маңызға негіздеу.

Ең бастысы. дәстүрлі медиа сенім институты ретінде сақталуы тиіс. Себебі ақпараттық қауіпсіздік ең алдымен қоғам сенетін ақпарат көзінің тұрақтылығына тәуелді.

Жоғарыда айтылған ұсыныс жалпы құрылымдық сипатта екені түсінікті. Медиа холдингтер мен жауапты министрліктерге бұл төрт бағдардың көмегі мол. Алайда жеке бәсекені, яғни журналисттің кәсіби дағдысын жасанды интеллектпен қалай байланыстыру керегі басы ашық күйінде қалып отыр. Себебі технологиялық прогресс дәуірінде жасанды интеллект мәтін де жазады, бейне де әзірлейді, аударма да дайындайды. Қалай болғанда да тілшінің жұмыс өнімділігі жаңа технологиядан қалыс.

Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, ЖИ тілшіден өнімді жұмыс істегенімен, адамдық жауапкершілікті алмастыра алмайды, этикалық таңдау жасай алмайды әрі қоғамдық мүддені таразылай алмайды.

– Журналист ақпарат өндіруші емес, қоғамдық мағына қалыптастырушы тұлға болуы тиіс. Оған қоса журналистика факультеттерінде медиақұқық, кәсіби этика, фактчекинг, жасанды интеллект құралдарын пайдалану, дата-журналистика, киберқауіпсіздік, аналитикалық ойлау, ұлттық құндылықтарға негізделген медиамәдениет қатар оқытылуы қажет, – дейді «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбай.

Түлек бар, тілші жоқ

Дәстүріл медианың дамуына жоғары оқу орындарындағы маман даярлау ісінің ықпалы бар екен, демек саладағы ахуалды аша кетейік. Сыл сайын журналистика мамандығын жүздеген түлек бітіреді, алайда көбі мамандығы бойынша жұмыс істемейтін үрдіс қалыптасты. Өздеріне салсақ, себебі мамандыққа қызықпау, жұмыс орындарының аздығы мәселелесіне сілтейді.

Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенат депутаты, журналист Нұртөре Жүсіптің сөзінше, теріс үрдіске университеттердің тікелей қатысы бар. ЖОО-лар еңбек нарығына тыңғылықты мониторинг жасамай, үміткерлерді оңды-солды қабылдай береді.

– Бұрын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде ғана арнайы факультет болатын. Екі университет білікті, сауатты журналистердің шоғырын қалыптастырды. Қазір еліміздің жоғары оқу орындарында журналист кадрларды даярлайтын факультет өте көбейген. Жыл сайын бітіретін түлекттің саны мол, бірақ жұмысқа орналасу көрсеткішіне көңіл толмайды, – дейді Нұртөре Жүсіп.

Сенатор түлектердің жұмысқа орналасу статистикасына әсер етіп отырған бірнеше мәселені айтты.

Алдымен, әрине, университеттер еңбек нарығындағы талаптарды ескермей отыр. Жасанды интеллектінің өмірге енуі және жаңа медиа мен технологияның дамуы журналистерге деген сұранысты шегіне жеткізді.

Екінші себеп – жастардың таңдауында. Нұртөре Жүсіптің пайымынша, журналистика факультеттерінің түлектері көбіне теледидарға барып, бірден жұлдыз болғысы келеді. Республикалық басылымда жұмыс істеуге құштар азаматтардың қатары өте аз.

Үшінші мәселе журналист кадрлардың гендерлік құрамында жатыр. Нақтырақ айтсақ, түлектердің арасында қыздардың үлесі басым. Күн-түн демей қыр асып, апталап ел аралауды кей нәзік жанды қиынға балайды, сондықтан басқа салада еңбек ететіндер жетерлік.

– Осындай жағдайда ЖОО-лар сұранысқа сай маман әзірлеуге бет бұрғаны жөн. Аймақтық басылымдарға, әсіресе аудандық басылымдарға жас тілшілер бара бермейді. Жергілікті газет-журналдар аға буын өкілінің көмегімен ғана жарық көруде. Сондықтан өңірлердегі кадрлық құрамды да қайта қарау маңызды, – деді Нұртөре Жүсіп.

Өңірдегі тілшілердің жай-күйі

Бүгінде БАҚ өкілдері белгілі бір әлеуметтік салаға жатпайды. Мемлекет тарапынан арнайы әлеуметтік қорғау пакеті жоқ. Салдарынан өңірдегі тілшілердің жалақысы мардымсыз, әлеуметтік жағдайы қолдауды қажет етіп тұр.

Бұған дейін Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп журналистердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға байланысты бірқатар ұсыныс жасаған болатын. Әсіресе, журналистерге мемлекеттік сыйлықтар, қоғамдық ұйымдар мен министрліктердің тарапынан сый-сияпаттары беру мәселесі күн тәртібіне көтерілді.

Журналистер қауымына арнаған әлеуметтік қолдау пакетін қалыптастыру мәселесі өзекті. Өйткені кейі мемлекеттік сала мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері тиісті әлеуметтік кепілдіпен қамтамасыз етілген. Ал ақпарат алу үшін басын қатерге тегетін журналистер мұндай артықшылыққа ие емес.

Мысалы, пандемия кезінде ақпарат таратып, тәж-тажалдың кесірінен қаншама журналист өмірден өтті. Сол кезде тілшілермен қатар еңбек еткен медицина қызметкерлері ауырған немесе дүние салса, мемлекет миллиондаған теңгеден қаржылай қолдау білдірілді. Ал журналистерге ондай қолдаудың бірде-бірі жасалмады. Сондықтан мәдениет және ақпарат министрлігі үздіксіз хабар тарататын тілшілерге жеткілікті назар аударса екен, – деді сенатор.

Шынын айту керек, ахуалға жергілікті медианы жекешелендіру бастамасы да әсер етіп отырғандай. Жеке компанияға өткен газет-журнал, ақпарат сайттарының қызметкерлері жалақы мен сыйақы мәселесін жиі көтереді.

– Келісуге де болады, бұған аймақтық медиаларды жекешелендіру әсер еткен шығар. Көптеген аудандық газеттер жекенің қолына өтіп кетті. Жекеменшік деген – кәсіпкер болуы мүмкін, ал бизнес қалауына қарай қаржы саясатын жүргізуге құқылы. Қаламақы қорын белгілеу, журналистерге арналған сыйақы мәселесіне мұның белгілі бір деңгейде ықпалы болады, – деп толықтырды Нұртөре Жүсіп.

Дегенмен, мемлекет тілшілер қауымын қолдаудан қалыс қалдырып отырған жоқ. Мереке сайын министрліктерден бастап жергілікті әкімдіктерге дейін тілшілер қауымына сый-сияпатын үйіп-төгеді. Мысалы, бірнеше күн бұрын ғана облыстағы тілшілерге мемлекет тарапынан баспана берілді. БАҚ қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттаған Президент журналистерді әлеуметтік қорғау жалғасатынын да сүйіншіледі.

– Соңғы үш жылда Астана қаласында ғана 200 журналист баспаналы болды. Енді бұл бастаманың ауқымын кеңейте түсуді көздеп отырмыз. Әсіресе, сапалы хабар таратып, қажырлы қызмет етіп жүрген аймақ тілшілерінің еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды деп санаймын. Сондықтан менің тапсырмаммен осы жылы алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін журналистерге де пәтер кілті табысталады, деді Президент.

Екі жылда не өзгерді?

Кейінгі жылдары «төртінші билік өкілдерін» тек әлеуметтік тұрғыда ғана емес, құқықтық шеңберде де қолдау аясы кеңейді. Соның айқын мысалы – «Масс-медиа туралы» заң. Биыл құқықтық құжаттың қабылданғанына екі жыл толады.

«Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбай «Масс-медиа туралы» заң цифрлық дәуірдің талабына сай дер кезінде қабылданған құжат деп бағалады.

– Бұл заң – цифрлық дәуірдің талаптарына жауап берген маңызды құқықтық құжат. Онда онлайн-платформалардың құқықтық мәртебесі айқындалды, журналист құқықтары нақтыланды. ақпаратқа қол жеткізу рәсімдері жетілдірілді. Сондай-ақ жаңа медиа субъектілері құқықтық кеңістікке енгізілді.

Ең маңыздысы, заң дәстүрлі медиа мен жаңа медианы қарсы қойған жоқ. Керісінше, оларды бірыңғай ұлттық ақпараттық кеңістіктің құрамдас бөлігі ретінде қарастырды. Осы арқылы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды құқықтық негізі қалыптасты, – дейді Бибігүл Жексенбай.

Нұртөра Жүсіптің айтуынша, жаңа заң Қазақстанның ақпарат кеңістігінде қолайлы жағдай қалыптастырды. Әсіресе ақпарат алу, тарату, өңдеу бағытында ілгерілеу бар.

– Жаңа медианың өрістеуін байланысты құқықтық негіздеме де өзгерді. «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң мен «Масс-медиа туралы» заңдарда қалыс қалған мәселелер қамтылды. Заң күшіне енді, бірнеше олқылық бары рас. Алдағы уақытта жетіле түсетіні анық. Әсіресе журналистердің жұмысы мен қызмет аясы заң аясында беки түсуі керек, – дейді сенатор.

Жалған ақпарат, әлеуметтік желідегі манипуляциялық технологиялар ұлттық қауіпсіздікке тікелей әсер ететін факторға айналды. Тіпті кейінгі әлемдік бәсеке қоғамдық сана мен ақпараттық ықпал үшін жүріп жатыр. Осы орайда қоғам мен мемлекет арасындағы сенім көпірі ретінде журналистердің маңызы арта бермек.