Дауыл мен нөсер жаңбыр Ыстанбұлдағы өмірді тұралатып тастады
АСТАНА. KAZINFORM — Ыстанбұлдағы қолайсыз ауа райы қала тұрғындары мен мегаполис қонақтарына кері әсерін тигізіп отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Қатты екпінді жел мен нөсер жаңбыр салдарынан қаладағы бірқатар ауданда ғимараттар зақымданып, ағаштар құлап, жолдарды су басты, сондай-ақ автокөліктер мен су көліктері бүлінді.
Түркиядағы ең ірі мегаполисте қолайсыз ауа райына байланысты көптеген оқыс жағдайлар тіркелді.
Ыстанбұлдың Бейликдүзү, Бүйүкчекмедже, Авджылар және Бейоғлу аудандарында қатты жел ғимараттардың шатырлары мен қасбеттік элементтерін жұлып әкетіп, олар көшеге және тұрақта тұрған автокөліктердің үстіне құлаған.
Бүйүкчекмедже ауданында D-100 тасжолындағы жерасты өткелін теңіз суы басып, көлік қозғалысы қиындады. Сонымен қатар құлаған ағаштар, зақымданған көліктер және электр желілерінің бүлінгені туралы хабарланды.
Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ.
İstanbul'da etkili olan şiddetli fırtına, hayatı olumsuz etkiledi
— Anadolu Ajansı (@anadoluajansi) January 8, 2026
Esenler'de koparak çatıdan düşen parçalar araçlara zarar verdihttps://t.co/OXTAzR5C3T pic.twitter.com/oipvitS3yk
Бұған дейін Түркияның батысы мен оңтүстік-батысында нөсер жаңбыр салдарынан ауқымды су тасқыны болғаны туралы жазған едік.