Дауыс беру учаскелері Құрылтай сайлауына әзір ме
АСТАНА. KAZINFORM — Қоғамдық ұйымдар байқаушылары учаскелерді аралап, олардың сайлауға дайындығын қадағалады.
Байқаушылар дауыс беру орындарының мүгедектігі бар азаматтарды қабылдауға, сайлауға еш кедергісіз қатысуға қалай жағдай жасағанына баса мән берді.
№ 181 учаскелік сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Зухра Бикенованың сөзінше, мүгедектігі бар азаматтар еш кедергісіз, емін-еркін дауыс бере алады. Нақтырақ айтсақ, арбаға таңылған кісілер ғимаратқа кіруі үшін пандус бар, дәретханаға қоңырау пернесі орнатылған. Сонымен қатар, зағип немесе көру қабілеті төмен жандар үшін Брайль қарпімен жазылған парақтар қолжетімді. Сондай-ақ, бұдан басқа да қажеттіліктер қамтамасыз етілген.
— Біздің учаскеге Гейдар Алиев, Мәңгілік Ел, Ұлы Дала және Ақмешіт көшелерінде тұратын тұрғындар келеді. Бізде мүгедектігі бар азаматтардың тізімі бар. Сайлауға бір күн қалғанда, оларға хабарласып, дауыс беруге келе алатынын немесе келе алмайтынын анықтаймыз. Егер өз бетімен мұнда жете алмаса, онда мен қасыма учаскелік сайлау комиссиясының тағы бір мүшесін және құқық қорғау органының бір өкілін ертіп, үйіне барамын. Онда сайлау жәшігін апарамын. Учаскеге келе алмайтын мүгедектігі бар азаматтардың үйінде отырып, дауыс беруіне көмектесеміз, — деді Зухра Бикенова.
Әйтсе де, қоғамдық ұйымдар байқаушылары бірқатар ескерту жасады.
Мәселен, «Еркіндік қанаты» қоғамдық қорының атқарушы директоры Елена Швецова Қазақстан БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясын 2015 жылы ратификациялағанын еске салды.
— Учаскелерде мүгедектігі бар азаматтарға арналған кабиналар болуы тиіс. Сайлау ғимаратына және дауыс беру орнына арбаға таңылған кісілер кіре алуы үшін онда табалдырық болмауы керек. Тіпті, кішігірім табалдырық болса да, төсеніштермен тегістелуі қажет. Сонда арба дөңгелегі барынша жеңіл өтеді әрі зағип не көру қабілеті төмен жандар да сүрініп кетпейді. Сонымен қатар, әр учаскеде компьютер және құлаққап қамтамасыз етілуі тиіс. Әр компьютерге Орталық сайлау комиссиясы дайындаған бағдарлама жүктелуі керек. Зағип не көру қабілеті төмен жандар Брайль қарпін оқи алмаса, олар аудио түріндегі ақпаратты, партиялардың тізімде нешінші тұрғанын құлаққаппен тыңдап, дауыс беруіне жағдай жасау қажет, — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін канадалық бизнес өкілі Эрик Парди Құрылтай сайлауы Қазақстанға деген халықаралық сенімді күшейте алатынын айтқан еді.