Дәулет Ниязбеков еркін күрестен Қазақстан жастар құрамасының тізгінін ұстады

АСТАНА. KAZINFORM - Еркін күрестен Қазақстан 20 жасқа дейінгі жастар құрамасының аға бапкері қызметіне Дәулет Ниязбеков тағайындалды. 

Дәулет Ниязбеков еркін күрестен Қазақстан жастар құрамасының тізгінін ұстады
Фото: olympic.kz

Бұл жөнінде еліміздің күрес федерациясы мәлім етті.

Дәулет Шораұлы – еркін күрестен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, халықаралық дәрежедегі тәжірибелі спортшы. Ол ұзақ жылдар бойы ел намысын абыроймен қорғап, Олимпиада ойындарына (Лондон-2012, Токио-2020) қатысқан. Әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері, Азия чемпионы.

Дәулет Ниязбеков бозкілемде балуандықпен қатар бапкерлікті алып жүрген еді. Бапкерлік қызметте 13 жылдан астам тәжірибе жинақтаған маман әр жылдары балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде, ұлттық құрамада, күрес түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығында жұмыс атқарған.

Еске салсақ, бұдан бұрын Данияр Қайсанов еркін күрестен Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар