Дауылдың салдарынан Алакөлдің ортасына ағып кеткен әйел бір күннен кейін аман табылды

«Шілденің 7-сі күні кешке Алматы облысы Алакөл ауданының әкімі ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне хабарласып, кенеттен соққан құйынды дауылдың салдарынан үрлемелі матрасымен бірге көлдің ортасына тартып әкеткен әйелді құтқаруды сұрады», - деп атап өтті баспасөз қызметі.
Хабар түсісімен іздестіруге ҚР ҰҚК Шекара қызметі Үшарал эскадрильясы тікұшағының экипажы ұшып шықты. Қараңғы түсісімен шекарашылар іздестіруді тоқтатуға мәжбүр болып, шілденің 8-і күні таңсәріде оны қайта жалғастырды. Шекарашылармен бірге тікұшақ бортында Үшарал экадрильясының парашютты десанттар тобы, аудан бойынша ТЖД-ның бастығы және Алакөл ауданының әкімі болды.
Шекарашылар жоғалған әйелді жарты сағаттан кейін тапты. Азаматша тікұшаққа арнайы құрылғылар арқылы көтеріліп, аэродромға жеткізілді. Жедел жәрдем қызметі дәрігерлерінің сөзіне қарағанда, әйелдің жағдайы қанағаттанарлық.