ДДСҰ пандемия жағдайларында әрекет ету туралы келісімді мақұлдады
АСТАНА. KAZINFORM — Пандемиялармен күрес жөніндегі келісімді мақұлдау туралы қарарды қабылдау шешімі COVID-19 пандемиясы кезінде басталған үш жылдық келіссөздерден кейін қабылданды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, бұл тарихи келісім ұйым Жарғысының 19-бабы негізінде қабылданған.
Оның мақсаты — пандемиялардың алдын алу және болашақта туындайтын осындай дағдарыстарға тиімдірек әрекет ету үшін елдер, халықаралық ұйымдар (соның ішінде ДДСҰ), азаматтық қоғам, жекеменшік сектор мен басқа да мүдделі тараптар арасындағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды күшейту.
— Осылайша әлем елдерінің үкіметтері әділеттілік қағидасын нығайтуға, денсаулықты жақсартуға, өз елдерін және өзара тығыз байланыстағы жаһандық қауымдастықты пандемиялық әлеуеті бар патогендер мен вирустардан туындайтын қауіптерден қорғауға ықпал етіп отыр. COVID-19 пандемиясының сабақтарын ескеріп, болашақ пандемиялардан адамзатты сенімдірек қорғау үшін бірлесіп әрекет ету жөнінде шешім қабылдаған ұйымға мүше мемлекеттерге алғысымды білдіремін, — деді ДДСҰ Бас директоры доктор Тедрос Аданом Гебрейесус.
Қарарда пандемиялармен күрес туралы келісімді жүзеге асыруға дайындық жөніндегі бірқатар келесі қадамдар баяндалған. Олардың қатарына осы Келісімге қосымша ретінде арнайы Құрама үкіметаралық жұмыс тобы арқылы Патогенді микроағзаларға қолжетімділікті қамтамасыз ету және артықшылықтарды бірлесе пайдалану жүйесін әзірлеу және келісу үдерісін ұйымдастыру кіреді. Бұл үдерістің нәтижелері келесі жылы өтетін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясында қаралады. Келісім 60 ел ратификациялағаннан кейін күшіне енеді.
Сонымен қатар, мемлекеттер Құрама үкіметаралық жұмыс тобына пандемиялардың алдын алу, дайындық және әрекет ету шараларын қаржыландыруды үйлестіру тетігін, сондай-ақ Жаһандық жабдықтау және логистикалық қамтамасыз ету желісін (ГЖЖЛҚ) құруға дайындық жұмыстарын бастауды тапсырды. Бұл желі төтенше жағдайлар кезінде, соның ішінде пандемиялық сипаттағы жағдайларда да, сондай-ақ мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында қажетті елдерге қауіпсіз әрі қолжетімді бағадағы пандемияға қарсы медициналық құралдарға тең, жедел және тиімді қолжетімділікті кеңейтуге, жеңілдетуге және қамтамасыз етуге, сондай-ақ осыған кедергі келтіретін тосқауылдарды жоюға бағытталған.
BBC хабарлауынша, бұл Келісім қазіргі уақытта Женевада өтіп жатқан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 78-сессиясы барысында мақұлданды.
Бұған дейін Азия елдерінде коронавирустың жаңа толқыны тіркелген болатын.
Айта кетелік АҚШ әкімшілігі БҰҰ, ЮНЕСКО және ДДСҰ ұйымдарына жарна төлеуді уақытша тоқтатуды ұсынған еді.