ДДСҰ: Вакцина Африкада 1,8 миллион адамның өмірін сақтап қалды

АСТАНА. KAZINFORM – 2023 жылы Африкада жүргізілген вакцинацияның арқасында 1,8 миллион адамның өмірі құтқарылды. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) хабарлады, деп жазады Анадолы.

ДДСҰ: Вакцина Африкада 1,8 миллион адамның өмірін сақтап қалды
Фото: Анадолы

ДДСҰ-ның Африка елдеріне арналған Аймақтық бюросының мәлімдеуінше, қызылша, полиомиелит және жатыр мойны обыры сияқты аурулардың алдын алуға үкіметтердің Глобалдық вакцина және иммундау альянсы (GAVI), БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) және ДДСҰ-мен бірлесіп жүргізген екпе науқандары үлкен үлес қосты.

ДДСҰ-ның Африка бойынша аймақтық директорының орынбасары Чикве Ихеквеазу полиомиелит жағдайларының айтарлықтай азайғанын атап өтті.

– Полиомиелит жағдайлары азайып келеді. Алайда екпеге қол жеткізе алмай жүрген балалар саны және аурудың әлі де тіркеліп жатқан ошағы аймақтағы елеулі проблема болып отыр. Біз вакцинация бойынша бірқатар жетістікке жеттік, бірақ алда атқаратын жұмыс көп. Болашақ үшін иммундауға инвестиция салуымыз қажет, - деді ол.

Ихеквеазудың мәліметінше, 2024 жылға жоспарланған вакцинация науқаны аясында 5 миллион балаға екпе егілген.

Сондай-ақ адам папилломасы вирусына (HPV) қарсы вакцинаның арқасында көптеген жас қыздар жатыр мойны обырынан аман қалған.

Ихеквеазу Африка HPV-ге қарсы вакцина егу бойынша әлемде екінші орынға шыққанын атап өтті.

Өткен жылы Африкада маймыл шешегінен 1 мыңнан астам адам қайтыс болғанын жаздық.

ДДСҰ mpox вирусына қарсы екінші вакцинаны мақұлдады. Оны балаларға да қолдануға болады. 

Соңғы жаңалықтар