ДДСҰ ВИЧ-инфекциясының алдын алатын жаңа препаратты пайдалануға кеңес берді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) АИТВ-жұқпасының жанасуға дейінгі алдын алу құралы ретінде ұзақ әсер ететін инъекциялық каботегравирді (КАБ-ДД) пайдалану бойынша жаңа ұсыныстарды жариялады. Бұл туралы ҚазАқпарат БҰҰ Жаңалықтар орталығына сілтеме жасап хабарлайды.

ДДСҰ ВИЧ-инфекциясының алдын алатын жаңа препаратты пайдалануға кеңес берді

ДДСҰ елдерді АИТВ жұқтыру қаупі жоғары топтардағы адамдарға осы профилактикалық препаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуге шақырады.

2021 жылы АИТВ-инфекциясының 1,5 млн жаңа жағдайы тіркелді. Өткен жылы күн сайын 4000 жаңа АИТВ инфекциясы анықталған. Әлемдегі АИТВ-инфекциясы жағдайларының 70 пайызы негізгі қауіп-қатер топтарына (секс-индустрия жұмыскерлері, ер адамдармен жыныстық қатынасқа түсетін ер адамдар, инъекциялық есірткі қолданатын адамдар, тұтқындар мен трансгендерлер) және олардың жыныстық серіктестеріне тиесілі.

«Ұзақ әсер ететін каботегравир - АИТВ-инфекциясының алдын алудың қауіпсіз және тиімділігі жоғары құралы, алайда әзірге ол тек клиникалық зерттеулер шеңберінде ғана пайдаланылып жүр. Жаңа ұсыныстар АИТВ-ны алдын алудың басқа әдістерімен қатар, КАБ-ДД жоспарлау және енгізу бойынша елдердің іс-қимылын жеделдетуге көмектеседі деп үміттенеміз», - деді ДДСҰ АИТВ инфекциясы, вирустық гепатит және жыныстық жолмен берілетін инфекциялар жөніндегі жаһандық бағдарламасының директоры доктор Мег Доэрти.

КАБ-ДД – алғашқы екі инъекциясы төрт апта аралықпен, содан кейін әрбір сегіз апта сайын салынатын ұзақ әсер ететін препарат.





Фото: news.un.org