ДДҰ биыл медицина нысандарына жасалған 900-ден астам шабуылды тіркеді
АСТАНА. KAZINFORM – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) 2026 жылдың өзінде медициналық мекемелер мен медицина қызметкерлеріне жасалған 914 шабуылды тіркеді. Салдарынан кемінде 911 адам қаза тауып, 1486 адам жарақат алды. Бұл күніне төрттен астам шабуыл жасалды деген сөз, деп хабарлайды БҰҰ жаңалықтар қызметі.
Женевадағы брифингте ДДҰ-ның төтенше жағдайлар және гуманитарлық операцияларды басқару жөніндегі директоры Алтаф Мусани 2018 жылдан бері денсаулық сақтау нысандарына жасалған 10 400-ден астам шабуыл құжатталғанын мәлімдеді. Соның салдарынан шамамен 5700 адам қаза тауып, тағы 8500 адам жараланған.
Биыл денсаулық сақтау жүйесіне жасалған шабуылдардан Ливан және оккупацияланған Палестина аумағы ең көп зардап шекті. Сондай-ақ мұндай шабуылдар Мьянма, Иран, Судан, Конго Демократиялық Республикасы, Оңтүстік Судан, Сирия және Нигерияда тіркелді. Осы жылы ауыр қарумен соққы жасау шабуылдың ең көп таралған түрі болды.
Ауқымды салдары
Мусани денсаулық сақтау жүйесіне жасалған шабуылдардың салдары тікелей физикалық шығынмен ғана шектелмейтінін, ал статистика мәселенің ауқымын толық көрсете алмайтынын атап өтті.
– Ауруханаға шабуыл жасалған кезде оның зардабын сол жерде болған адамдар ғана тартпайды, – деді ол.
Оның айтуынша, шабуылдан кейінгі күндері науқастар қажетті медициналық қызметтерді ала алмайды, медицина қызметкерлері жұмысынан айырылады, ал өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмектерді жеткізу тоқтайды.
ДДҰ өкілінің сөзінше, мұндай шабуылдардың салдары ауқымды әрі ұзаққа созылатынын растайтын деректер көбейіп келеді. Мәселен, Сирияның солтүстік-батысында жүргізілген зерттеу шабуылдан кейінгі күні амбулаториялық консультациялар саны 51%-ға азайғанын көрсетті. Мұндай жағдай 37 күнге дейін жалғасқан.
Жойқын қақтығыстар
Қолда бар деректерге сәйкес, 2026 жылға қарай Судандағы медициналық мекемелердің 37%-ы жұмыс істемеген.
Мусани ДДҰ Таяу Шығыстағы қақтығыс кезінде де денсаулық сақтау нысандарына жасалған шабуылдарды тіркеуді жалғастырып отырғанын айтты. Мұндай оқиғалар Ливан, Израиль және Иранда да болған.
Газа секторындағы барлық 36 аурухана зақымданған. Олардың тек жартысы ғана ішінара жұмысын жалғастырып отыр. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек жүйесі де айтарлықтай зардап шекті.
Конго Демократиялық Республикасында Бундибуджио вирусынан туындаған қазіргі Эбола індеті кезінде, 2026 жылғы мамырдан бері денсаулық сақтау нысандарына 12 шабуыл жасалғаны расталды. Мұндай шабуылдар аурудың жаңа жағдайларын анықтауға және індеттің таралуын тежеуге кедергі келтіріп отыр.
– Зақымданған әрбір медициналық мекеме – медициналық қызметтің жоғалуы, ал тоқтаған әрбір қызмет – медициналық көмексіз қалуы мүмкін адам, – деді Мусани.
Кінәлілерді жауапкершілікке тарту
Журналистердің кінәлілерді жауапкершілікке тарту туралы сұрағына жауап берген ДДҰ өкілі ұйымда оған қажетті мандат та, тиісті өкілеттік те жоқ екенін айтты.
– Өкінішке қарай, расталған 10 мыңнан астам шабуылдың бірде-біреуі әзірге кінәлілерді жауапкершілікке тарту рәсіміне ұласқан жоқ, – деді Мусани.
ДДҰ бас директоры қақтығыс тараптарын мұндай заң бұзушылықтар үшін жауапкершілікке тартуға бірнеше рет шақырған.
Еске сала кетсек, бұған дейін ДДҰ Конго ДР-дағы Эбола ел тарихындағы ең ірі індетке айналғанын мәлімдеген.