ДДҰ Эбола індетімен күресу үшін 518 млн долларлық бағдарламаны іске қосты
АСТАНА. KAZINFORM – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және Африканың ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары Африкада Эбола індетімен күресу үшін құны 518 млн доллар алты айлық жоспарды жариялады, деп хабарлайды Reuters.
Африкада Эбола індеті 1976 жылдан бері ауқымы мен салдары бойынша төртінші ең ірі індет ретінде танылды.
Бағдарлама ауруды жұқтыру жағдайлары тіркелген Конго Демократиялық Республикасы мен Уганданы қолдауға, сондай-ақ көршілес елдерді вирустың ықтимал таралуына дайындауға бағытталған. Қарастырылған шаралар қатарында шекаралардағы санитарлық бақылауды күшейту, тестілеуді кеңейту және медициналық қызметтердің дайындығын арттыру болды.
ДСҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесустің мәлімдеуінше, инфекция жауап шаралардан жылдамырақ таралып отыр.
– Індет тез таралып келеді және біз әлі де ілесуге тырысып жатырмыз, - деп атап өтті ұйым директоры.
Оның айтуынша, эпидемияны тұрақты қаржыландыру, үкіметтің қолдауы және жергілікті қауымдастықтардың сенімі тоқтатуға көмектеседі.
Конго Демократиялық Республикасында ауру жұқтырудың 452 жағдайы және 82 өлім расталды. Көршілес Угандада ауру жұқтырудың 19 жағдайы және екі өлім тіркелген.
Қазіргі індет сирек кездесетін Эбола вирусының Бундибугио штамынан туындаған. Қазіргі уақытта оған қарсы бекітілген вакцина немесе арнайы емдеу әдісі жоқ. Диагностика әлі де күрделі мәселе болып қалып отыр. Қолданылатын тесттер бұл штамды бірден анықтай бермейді және қорытындыларын алу бірнеше күннен бір аптаға дейін немесе одан да көп уақыт алуы мүмкін.
Маусым айының басындағы жағдай бойынша халықаралық донорлар эпидемиямен күресуге 315,8 млн доллар бөлуге уәде берді. Бұл қаржыландырудың қажетті сомасынан айтарлықтай төмен.
Осыған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Конго Демократиялық Республикасындағы Эбола індетімен күреске алдағы үш айда 115 миллион АҚШ доллары қажет екенін мәлімдеді.