ДДҰ Эбола вирусы сирек штамының таралуына байланысты дабыл қақты

АСТАНА. KAZINFORM – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Эбола вирусының сирек кездесетін «Бундибугио» штамының таралуына байланысты пандемия алдындағы деңгейге жақын төтенше дабыл режимін жариялады, деп жазды DW.

а
Фото: DW

Конго Демократиялық Республикасы мен Угандада таралған індет салдарынан 88 адам көз жұмды. Аймақта аурудың 330-дан астам болжамды жағдайы тіркелген.

ДДҰ мәліметінше, науқастардың нақты саны бұдан да көп болуы мүмкін. Осыған байланысты ұйым төтенше жағдай режимін жариялады. Бұл – дабыл деңгейі бойынша екінші саты. Одан жоғары тек пандемия деңгейі ғана бар.

Эбола вирусының өршуі туралы 15 мамырда Конго Демократиялық Республикасының Итури провинциясының билігі хабарлады. Аталған өңірде әскери қақтығыстар жиі болып тұрады.

Көршілес Угандада да Эбола жұқтырған ер адам қайтыс болды. Дәрігерлер оның ағзасынан «Бундибугио» штамын анықтаған.

Конго Денсаулық сақтау министрі Самуэль Роже Камбаның айтуынша, вирустың бұл түріне қарсы әзірге вакцина да, арнайы ем де жоқ.

– Аталған штамм кезінде өлім-жітім деңгейі 50%-ға дейін жетеді, – деді министр.

Қазіргі індет Конго Демократиялық Республикасындағы Эболаның 17-эпидемиясы болып отыр. Бұған дейінгі індет 2025 жылдың тамыз айында тіркеліп, 34 адам қайтыс болған еді.

Елдегі ең ірі Эбола індеті 2018-2020 жылдары болған. Сол кезде шамамен 2300 адам көз жұмған. Соңғы 50 жыл ішінде Африкада Эбола вирусынан шамамен 15 мың адам қайтыс болған.

Айта кетейік, круиздік лайнерде тіркелген хантавирус жаңа вакцинаны жасауды жеделдетті.