ДДҰ Эболаның сирек кездесетін штамына қарсы жаңа вакциналардың тиімділігін зерттеп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Эбола вирусын ерте анықтау және індетке қарсы шараларға жергілікті қауымдастықтардың белсенді қатысуы адам өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарады. Ал жаңа вакциналар мен емдеу тәсілдерінің тиімділігі әлі де зерттеліп жатыр.

Редкий штамм Эболы Конго
Фото: ДДҰ / Ж. Лумбала

Бұл туралы 29 мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) мәлімдеді, деп хабарлайды БҰҰ.

Эболаның жаңа өршу ошағы анықталғаннан кейін екі апта өткен соң ДДҰ Конго демократиялық республикасы аумағында вирус жұқтырды деген күдікпен 906 жағдай тіркелгенін хабарлады.

Олардың ішінде вируспен байланысты болуы мүмкін 223 өлім жағдайы бар.

28 мамырдағы жағдай бойынша елде Эбола вирусын жұқтырудың 125 расталған дерегі анықталды.

Оның 17-сі өліммен аяқталған.

Ауру жұқтырғандар Итури провинциясы, Солтүстік Киву провинциясы және Оңтүстік Киву провинциясы аумақтарында тіркелген.

Сонымен қатар күмәнді жағдайларды зерттеу жалғасып жатыр.

Угандада жеті адамның вирус жұқтырғаны расталды.

Олардың бірі қайтыс болған.

Үш жағдай Конгодан жеткен.

Қалғандары ауру жұқтырғандармен байланыста болған адамдарға қатысты.

ДДҰ мәліметінше, әзірге Уганда аумағында инфекцияның жергілікті деңгейде таралу белгілері байқалмаған.

БҰҰ агенттіктері Конго Демократиялық Республикасы мен көршілес Угандаға Бундибуджио деп аталатын сирек штамммен күресуге қолдау көрсетіп жатыр.

Бұл вирус науқас адаммен жақын байланыс кезінде жұғады.

ДДҰ індет тараған аймақтарда вирус жұқтыру қаупіне ұшыраған адамдарға сапардан бас тартуға кеңес береді.

Алайда ұйым әзірге Конго Демократиялық Республикасы мен Угандаға қатысты халықаралық сапарларға немесе саудаға шектеу енгізуді қажет деп санамайды.

Ерте анықтау адам өмірін сақтайды

ДДҰ-ның вирустық геморрагиялық қызбалар жөніндегі маманы Анаис Леган адамдардың көбіне сырқат туыстарына көмектесу кезінде вирус жұқтыратынын айтты.

Сондықтан отбасыларға науқас адамға тікелей жанасуға болмайтынын түсіндіру маңызды.

Женевадағы брифингте сөйлеген маман аурудың алдын алу және дер кезінде медициналық көмекке жүгінудің маңызын атап өтті.

Оның айтуынша, бұрынғы індеттер тәжірибесі бойынша осы штамды жұқтырғандардың 30–50 пайызы қайтыс болған.

— Он науқастың бесеуі көз жұмуы мүмкін. Бұл өте жоғары көрсеткіш, — деді Анаис Леган.

Сонымен қатар ол дұрыс емдеу мен ерте диагностика науқастың сауығу мүмкіндігін едәуір арттыратынын айтты.

Маман адамдарға ауру белгілерін ерте кезеңде тануды үйрету қажет екенін атап өтті.

Оның айтуынша, бұл дер кезінде медициналық көмек алуға мүмкіндік береді.

Анаис Леган жуырда Конгода Эбола жұқтырған бір науқастың толық жазылып, ауруханадан шығарылғанын мысалға келтірді.

ДДҰ өкілдері Эбола вирусының таралуын тоқтатуда жергілікті қауымдастықтардың рөлі ерекше екенін еске салды.

Вакциналар мен дәрілер әзірге зерттеліп жатыр

ДДҰ мамандары вирусқа қарсы вакциналар мен емдеу тәсілдерін бағалау үшін халықаралық сарапшылар тобын құрды.

Клиникалық сынақтарға ықтимал емдеу құралы ретінде MBP-134 және мафтивимаб моноклоналды антиденелері, сондай-ақ ремдесивир вирусқа қарсы препараты таңдалды.

Вирус жұқтырған адамдармен байланыста болған азаматтарға профилактикалық мақсатта обелдесивир препаратын қолдану мүмкіндігі де зерттеледі.

Бұдан бөлек, екі ықтимал вакцина одан әрі бағалауға іріктелді.

ДДҰ Конго Демократиялық Республикасы мен Уганда үкіметтерімен бірлесіп олардың тиімділігін зерттеп жатыр.

Сонымен қатар індет ошағындағы емдеу мүмкіндіктері кеңейтіліп жатыр.

Қарулы қақтығыс індетпен күресті қиындатып отыр

ДДҰ мәліметінше, індет өте күрделі жағдайда өршіп жатыр.

Вирустың негізгі ошағына айналған Итури провинциясының өзінде 1,2 миллион адам гуманитарлық көмекке мұқтаж.

Қарулы қақтығыстар мен азық-түлік тапшылығы медицина қызметкерлерінің жұмысын қиындатқан.

— Негізгі мәселе ресурстың жетіспеуінде емес, зардап шеккен аймақтарға қол жеткізудің қиындығында, — деді Анаис Леган.

Оның айтуынша, Итури провинциясының әкімшілік орталығы саналатын Буния қаласының әуежайы жабық.

Конго билігі гуманитарлық рейстерге рұқсат бергенімен, операциялық қиындықтар сақталып отыр.

Соның бірі — жанармай тапшылығы.

Бұған дейін ДДҰ бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус шекараны жабу немесе елге кіруді шектеу індеттің таралуын тек уақытша баяулататынын мәлімдеген болатын.

Ол мұндай шаралар мәселені түбегейлі шешпейтінін айтты.

Сондықтан ДДСҰ Эбола вирусына байланысты шекараларды жабуды ұсынбайды.

Ұйымның бағалауынша, індетпен күрестегі ең тиімді жол — санитарлық шараларды жедел енгізу, медициналық бақылауды күшейту және ауру ошақтарына шұғыл көмек көрсету.