ДДҰ: Газа секторындағы денсаулық сақтау жүйесі қайтарымсыз күйге жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус мәлімдегендей, Израильдің Газа секторындағы шабуылдарын жалғастыруы мен күшейтуі және жаңа эвакуация талаптары бұл аймақтағы денсаулық сақтау жүйесін дағдарыс шегінен тыс жағдайға жеткізді. Бұл туралы Анадолы хабарлады. 

ДДҰ: Газа секторындағы денсаулық сақтау жүйесі қайтарымсыз күйге жетті
Фото: Анадолы

Гебрейесус әлеуметтік желідегі мәлімдемесінде, Израильдің құрлықтағы операциялары мен эвакуация талаптарының салдарынан Газа емханалары жұмыс істеуге қауқарсыз күйге түскенін атап өтті. Эвакуация аймағына Индонезия ауруханасы, Кемаль Адвана, әл-Ауда ауруханалары, үш емхана және төрт медициналық пункт кірген. Тағы екі аурухана, төрт емхана мен алты медициналық пункт эвакуация аймағынан бір шақырым радиуста орналасқан.

— Кемаль Адвана ауруханасы шабуылдар мен дүрбелең салдарынан жұмыс істемей тұр, ғимарат бос қалған. Индонезия ауруханасы да қолжетімсіз, оның маңынан израильдік әскерилерді байқаған. Газаның солтүстігіндегі жалғыз жұмыс істеп тұрған әл-Ауда ауруханасы қауіпсіздік шектеулеріне байланысты шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеп жатыр, жабылып қалу қаупі де басым, — деді ол.

ДДҰ басшысы Еуропалық аурухана мен Газаның оңтүстігіндегі басқа да медициналық мекемелер 19 мамырда жарияланған эвакуация аймағына енгенін айтты. Нәсір, Шухада әл-Ақса ауруханалары, бес емхана және 17 медициналық пункт сол аймақтың бір шақырым маңында орналасқан.

Оның айтуынша, медициналық мекемелер тікелей шабуылға ұшырамаса да, маңындағы қақтығыстар науқастардың ем алуы мен дәрі-дәрмек пен жабдық жеткізуге кедергі келтіруде. 

— Бұл ауруханаларды тез арада істен шығаруы мүмкін. Біз мұндай жағдайларды бұрын да көрдік. Мұны тағы қайталауға болмайды. ДДҰ медициналық мекемелердің шұғыл қорғалуын талап етеді. Ауруханалар әскери нысанға айналмауы керек және шабуылға ұшырамауы тиіс. Шұғыл түрде бітім жасалуы қажет, — деді Гебрейесус.

Израиль Газаны толық басып алу жоспарын жүзеге асыра бастады

Израиль армиясы 18 наурызда таңертең Газадағы жаппай шабуылдарын қайта бастады, бұл 19 қаңтарда күшіне енген бітімгершілікке қарамастан болды.

Палестина деректеріне сәйкес, наурызда шабуылдар жаңартылғалы 3 427 адам қаза тапты, олардың көпшілігі — әйелдер, балалар мен қарттар. Тағы 9 647 адам жараланды.

2023 жылдың 7 қазанында Израильдің Газа секторына шабуылдары басталғалы бері қаза тапқандардың жалпы саны 53 573 адамға, жараланғандар 121 688 адамға жетті.

Израиль Газаны толықтай басып алу жоспарын жүзеге асырып жатыр. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху «Израиль Газаны толық басып алады» деп мәлімдеді.

Бұл жоспарға сәйкес, Израиль әскері аймаққа тұрақты бақылау орнатуы тиіс, ал палестиналықтар Газаның оңтүстігіндегі т. н. «жинау лагерьлеріне» көшіріліп, тек аман қалуға жеткілікті гуманитарлық көмекпен қамтамасыз етіледі.

Израиль министрлері Газада қалғанның бәрін жою және палестиналықтарды алдымен оңтүстікке, кейін басқа елдерге күштеп көшіру ниеттерін де жасырмады.

Соңғы жаңалықтар