ДДҰ: Өлімге әкелетін хантавирустың таралуы 2 шілдеде аяқталуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) өткен айда әлемдік БАҚ назарын аударған хантавирус індеті ресми түрде 2 шілдеде аяқталуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Euronews.

Тест-системы на выявление хантавируса разработали за неделю в России
Фото: Anadolu

Сәрсенбі күні Женевада өткен баспасөз мәслихатында ДДҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус хантавирус жұқтырғандардың расталған саны 13 адам болып отырғанын, олардың үшеуі қайтыс болғанын хабарлады.

Індет туралы ДДҰ-ға 2 мамырда хабарланғаннан бері 33 ел мен аумақта 650-ден астам байланыста болған адам анықталған.

— Байланыста болғандардың 54 адамынан басқасының бәрі карантин мерзімін аяқтады. Қалғандары бұл кезеңді 2 шілдеге дейін тәмамдайды, — деді ұйым басшысы.

Оның айтуынша, егер осы уақытқа дейін жаңа жағдайлар тіркелмесе, ДДҰ індеттің аяқталғанын жариялайды.

Хантавирусқа байланысты алаңдаушылық Нидерланд туы астында жүзген MV Hondius круиздік кемесінің жолаушылары арасында ауыр респираторлық аурулар анықталғаннан кейін күшейді.

Кеме 1 сәуірде Аргентинаның Ушуайя қаласынан шығып, Оңтүстік Атлантикадағы бірнеше нүктеге, соның ішінде Оңтүстік Георгия аралы, Тристан-да-Кунья, Әулие Елена аралы және Вознесение аралына бағыт алған.

Жолаушылардың бірі ауырып, 11 сәуірде көз жұмған. Оның денесі Әулие Елена аралында түсірілген. Кейін сол аралға түскен бір әйел жолаушы 26 сәуірде Оңтүстік Африкаға жеткен соң қайтыс болды. Тағы бір жолаушы 2 мамырда көз жұмды.

Осыдан кейін кемедегі қалған жолаушылар Тенерифе аралына эвакуацияланды.

ДДҰ індеттің шығу себептері мен таралу жолдарын анықтау үшін жергілікті билік органдарымен бірлескен жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.

— Біз вирус үлгісін Швейцариядағы ДДҰ-ның BioHub биобанкіне жеткізу бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Бұл болашақта диагностика, емдеу әдістері мен вакциналар әзірлеу үшін маңызды болады, — деді Тедрос Адханом Гебрейесус.

Хантавирустар — тасымалдаушысы кеміргіштер саналатын вирустар тобы. Олар көбіне адамдарға жұқтырған кеміргіштермен немесе олардың зәрімен, нәжісімен және сілекейімен байланыс кезінде беріледі. Бұл вирустар ауыр әрі кей жағдайда өлімге әкелетін ауруларды тудыруы мүмкін.

АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары мәліметінше, MV Hondius кемесінде вирус әсеріне ұшырауы мүмкін барлық америкалық азаматтар 21 маусымда 42 күндік бақылау мерзімін аяқтаған.

— Осы індетке байланысты АҚШ аумағында хантавирус жұқтырудың бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ, — деп хабарлады CDC.

Бұған дейін Нидерландыдағы емхана қызметкерінен хантавирус анықталғаны айтылды.