ДДҰ тәтті сусындар мен алкогольге салықты көбейтуге шақырды

АСТАНА. KAZINFORM – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы елдердің үкіметтерін құрамында қанты бар сусындар мен алкогольге салықты айтарлықтай көбейтуді ұсынды. Бұл туралы ұйымның екі жаңа жаһандық баяндамасында айтылған, деп хабарлайды Кабар.

контрафактный алкоголь
Фото: Anadolu ajansı

Ұйым мамандарының айтуынша, зиянды өнімдерге салынатын салықтың төмен болуы оларды халық үшін арзан әрі қолжетімді етіп отыр. Ал арзан у – ең қауіпті у. Соның салдарынан семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары мен онкологиялық аурулар көбейіп, әсіресе балалар мен жастар арасында жарақаттану деректері артып барады. Мұның бәрі денсаулық сақтау жүйесіне салмақ түсіріп отыр.

ДДҰ Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесустың сөзінше, адам денсаулығына зиянды өнімдерге салынатын салық – аурудың алдын алудағы ең пәрменді тетіктердің бірі. Бұл бір жағынан халықты сақтандырса, екінші жағынан медициналық қызметтерді қаржыландыру үшін мемлекеттік қазынаны толтыруға мүмкіндік береді.

Ұйым келтірген деректерге сүйенсек, бүгінде қант қосылған сусындарға акциз салығы 116 елде бар. Алайда тәтті сусындардың едәуір бөлігі әлі де салықтан тыс қалып отыр. Ал алкоголь өнімдеріне акциз кем дегенде 167 мемлекетте енгізілгенімен, олардың көпшілігінде салық мөлшері уақыт талабына сай қайта қаралмайды. Соның салдарынан алкоголь халық үшін әлі де арзан әрі қолжетімді күйінде қалып отыр.

ДДҰ өкілдері алкоголь мен тәтті сусындарға салықты арттыру бастамасын халықтың басым бөлігі қолдайтынын атап өтеді. Бұл қадам зиянды өнімдерді тұтынуды азайтып қана қоймай, мемлекеттік кірісті де арттыруға мүмкіндік береді. Қысқасы, мәселе таңдау алдында тұр: арзан тәтті мен жеңіл мас болу ма, әлде ұлт денсаулығын қорғау ма?

Осыған дейін ДДҰ қант диабетімен ауыратындар саны отыз жылда төрт еседен астам өскені туралы хабарллаған еді.

 

Соңғы жаңалықтар