Декреттегі әкелер: заң не дейді, жұмыс беруші не істейді
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қазақстанда бала күтімі бойынша демалыс ресми түрде тек аналарға ғана емес, әкелерге де тең дәрежеде қарастырылған. Соған қарамастан, іс жүзінде ер азаматтар жұмыс берушілердің қарсылығына, қоғамдық стереотиптерге және түрлі қысымға жиі ұшырайды. Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің департаменті бұл құқықтың қалай жүзеге асырылатынын және заң бұзылған жағдайда қандай шаралар қабылданатынын түсіндірді.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 87-бабына сәйкес, үш жасқа дейінгі бала күтімі бойынша демалысты ана ғана емес, әке немесе балаға нақты күтім жасап отырған кез келген отбасы мүшесі рәсімдей алады. Заңнамада жыныстық белгіге қатысты ешқандай шектеу қарастырылмаған.
Еңбек инспекциясы өкілдерінің айтуынша, барлық қажетті құжаттар ұсынылған жағдайда жұмыс беруші демалысты рәсімдеуге міндетті.
– Бала күтімі бойынша демалыс балаға нақты күтім жасайтын кез келген отбасы мүшесіне, оның ішінде әкесіне де беріледі. Заңда жыныстық белгі бойынша шектеулер жоқ. Қызметкер өтініш беріп, тиісті құжаттарды ұсынған жағдайда жұмыс беруші міндетті түрде бұйрық шығарады, - деп нақтылады ведомство.
Соған қарамастан, бұл құқықты пайдаланатын ерлер саны әзірге көп емес. Көп жағдайда олар кеңес алуға тек қиындықтарға тап болғаннан кейін ғана жүгінеді.
Бас тарту мен жұмыстан шығару: заң бұзушылық қай жерде басталады
Еңбек инспекциясының мәліметінше, мұндай құқық бұзушылықтар әлбетте тіркелген. Олардың қатарында демалыс беруден негізсіз бас тарту ғана емес, сондай-ақ осы құқықты пайдаланған қызметкерлерді жұмыстан шығару жағдайлары да бар.
– Бала күтімі бойынша демалыс беруден заңсыз бас тарту фактілері, сондай-ақ осы құқықты пайдаланған қызметкерлерді жұмыстан шығару жағдайлары кездеседі. Мұндай әрекеттер еңбек заңнамасын бұзу болып саналады. Шағым түскен жағдайда тексеріс жүргізіліп, тиісті шаралар қабылданады, – деп хабарлады департаментте.
Мамандар атап өткендей, заңды негіздер болған жағдайда жұмыс берушінің бас тартуға құқығы жоқ – демалыс қызметкердің жазбаша өтініші негізінде рәсімделеді.
«Ерлер декретін» рәсімдеу тәртібі
Бұл рәсім күрделі емес және жалпыға бірдей тәртіп бойынша жүргізіледі:
• жазбаша өтініш;
• баланың туу туралы куәлігі;
• қажет болған жағдайда – ананың бұл демалысты пайдаланбайтыны туралы жұмыс орнынан анықтама.
Осы құжаттар тапсырылғаннан кейін жұмыс беруші тиісті бұйрық шығаруға міндетті.
Кемсітушілікке жол жоқ
Еңбек кодексінің 6-бабына сәйкес, еңбек құқықтарын жүзеге асыру барысында жынысқа байланысты кез келген шектеулерге қатаң тыйым салынады.
– Бала күтімі бойынша демалысты пайдалануға байланысты қысым көрсету, қызметін төмендету немесе жұмыстан шығару заңсыз болып табылады және оларды заң аясында даулап, қорғауға болады, – деп атап өтті мамандар.
Құқықтары бұзылды деп есептеген қызметкер келісу комиссиясына, сотқа жүгінуге немесе еңбек инспекциясына, оның ішінде E-Otinish платформасы арқылы шағым түсіруге құқылы.
Тексеру нәтижесінде жұмыс берушіге заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілуі, берешектерді өтеу міндеттелуі мүмкін. Кей жағдайларда кәсіпорын қызметін уақытша тоқтату шаралары да қолданылуы ықтимал. Сонымен қатар әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Тиісті шешім тексеріс аяқталғаннан кейін 15 күнтізбелік күн ішінде қабылданады.
Жеке тәжірибе: «қоғам әлі толық дайын емес»
Қарағанды тұрғыны Руслан бала күтімі бойынша демалысқа шыққанын айтып, бұл шешімнің оңай қабылданбағанын жеткізді.
– Біздің қоғам «декреттегі ер адам» ұғымын әлі толық қабылдай қойған жоқ. Басшылық мені демалысқа оңайлықпен жіберген жоқ. Оның үстіне, шынымен балаға күтім жасап жүрген-жүрмегенімді ара-тұра тексеріп отырады. Біз мұндай шешімді жұбайымның табысы жоғары болғандықтан қабылдадық. Себебі дәл қазір отбасымыз үшін бұл экономикалық тұрғыдан тиімді болды, – дейді ол.
Жаңа нормалар: әкелердің декреті еңбек өтіліне енгізіледі
Бұл ретте заңнамалық деңгейде қызметкерлердің құқықтарын кеңейту бағытындағы жұмыс жалғасып жатыр. Мәжіліс депутаттары еңбек заңнамасын және еңбекті қорғау жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобасын екінші оқылымда қабылдады.
Депутат Ерлан Саировтың айтуынша, құжат қызметкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтіп, қосымша кепілдіктерді енгізуді көздейді.
– Бұл заң жобасы еңбекті қорғау жүйесінің тиімділігін арттыруға және қызметкерлердің құқықтарын жан-жақты қорғауға бағытталған. Онда уәкілетті органдардың өкілеттіктерін кеңейту де, қызметкерлер үшін қосымша әлеуметтік кепілдіктер қарастыру да көзделген, – деді ол.
Маңызды жаңашылдықтардың бірі – жұмыс істемейтін әкенің кішкентай балаға күтім жасаған кезеңін зейнетақы тағайындау кезінде еңбек өтіліне қосу. Бұл норма Конституциялық сот ұстанымын іске асырып, әлеуметтік салада аналар мен әкелердің құқықтарын теңестіруге бағытталған.
Сарапшылардың бағалауынша, бала күтімі бойынша демалысқа шығатын ерлер саны біртіндеп өсіп келеді. Бұл үрдіс құқықтық сауаттылықтың артуымен қатар, отбасындағы рөлдер мен жауапкершілікті қайта қарау мәдениетінің қалыптасуымен тығыз байланысты.