Демалыс маусымы: СІМ қауіп-қатер жоғары аймақтарды атады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі азаматтарға Иранға сапарлаудан бас тартуға кеңес береді. Бұл туралы Сенаттағы брифингте ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев мәлімдеді.
Е. Ашықбаев демалыс маусымында сапарлау қаупі жоғары елдер туралы тілшілер сұрағына жауап берді және министрлік әлемнің түрлі өңірлеріндегі ахуалды тұрақты бақылап отырғанын айтты.
— Азаматтарымыздың құқықтарын қорғау мен мүдделерін қамтамасыз ету — Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі міндеттерінің бірі. Сондықтан біз әлемдегі саяси жағдайды, табиғи апаттарды және экономикалық сипаттағы қиындықтарды үнемі қадағалап отырамыз, — деді Ержан Ашықбаев.
Оның айтуынша, осындай мониторинг нәтижесінде мемлекеттік органдар азаматтарға тиісті ұсынымдар жариялап келеді.
— Африка елдеріндегі күрделі эпидемиологиялық ахуал туралы ақпараттарды естіп, көріп отырмыз. Таяу Шығыстағы қақтығыс та баршаға мәлім. Сондықтан біздің және өзге де мемлекеттік органдардың, соның ішінде Денсаулық сақтау министрлігінің эпидемиологиялық жағдайға қатысты ұсынымдарына қазақстандықтардың мұқият назар аударғаны жөн, — деді ол.
Ержан Ашықбаев қазіргі уақытта Иранға сапарлауға кеңес берілмейтінін жеткізді. Сондай-ақ ол Африканың бірқатар мемлекеттеріне де бармаған жөн екенін жеткізді. Алайда олардың толық тізімі кейінірек жарияланады.
— Африкадағы бірнеше елге бару ұсынылмайды. Олардың толық тізімін белгіленген тәртіппен қосымша ұсынамыз, — деді СІМ өкілі.
Бұған дейін Ержан Ашықбаев қазақстандықтардың жартысына жуығы АҚШ визасын ала алмай жүргенін айтқан еді.