Демалыста күн райы қандай болады
АСТАНА. KAZINFORM — «Қазгидромет» РМК 23-25 мамыр күнгі ауа райы болжамын жариялады.
Еліміздің солтүстік, оңтүстік және оңтүстік-батысында атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты ауа райы құбылмалы болады, жаңбыр жауып, найзағай ойнайды деп күтіледі.
Ал шығыс өңірлерде түнгі уақытта жауын-шашын (жаңбыр мен қар) сақталады.
23 мамыр күні Түркістан, Алматы және Жамбыл облыстарында жаңбыр жауып, бұршақ түсіп, екпінді жел соғады. 24–25 мамырда оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында түнде жаңбырдың соңы қарға ұласуы мүмкін.
Республиканың қалған аумақтарында көбіне жауын-шашынсыз ауа райы болады. Ел бойынша жел күшейеді, оңтүстікте шаңды дауыл болуы ықтимал. Түнгі және таңғы сағаттарда тұман түседі. Солтүстік-шығыста, шығыста және орталық өңірлерде түнде 1–3 градус үсік жүреді.
Қазақстан бойынша күндізгі ауа температурасы біртіндеп жоғарылайды:
батыста +28…+35°С дейін,
солтүстікте және орталықта +20…+32°С дейін,
шығыста +17…+25°С дейін,
оңтүстікте +22…+35°С дейін,
оңтүстік-шығыста +20…+28°С дейін көтеріледі.
Айта кетелік бүгін еліміздің барлық қаласында ауа сапасы талапқа сай.