Демалыс күндері Астанада қандай шаралар өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасы 5-7 қаңтар күндері аралығында елордада өтетін іс-шаралар тізімін ұсынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тәуелсіздік сарайында сағат 10:00-18:00 аралығында жеке көрмелер легі жалғасады. 13 қаңтарға дейін Рүстем Беркімбаевтың «Үміт жолы» атты жеке көркемсурет көрмесі, «Менің елім - Мәңгілік ел» атты Астана қаласы суретшілер одағы жастар бірлестігінің көрмесі өтеді. Ал 31 қаңтарға дейін - «Ақанаевтар әулетінің» жеке көркем көрмесі, «Әуедегі қозғалыс» қазіргі заман өнер көрмесі, «Тау мен дала балладасы» атты Сейсенхан Махамбетовтың жеке көрмесі және «Антиквариат» көрмесі жұртшылық назарына ұсынылады.
2018 жылдың 18 желтоқсанынан 2019 жылдың 17 ақпанына дейін Қалалық алаңда, «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығы аумағында және Ботаникалық бақта «Astana Winter Land» фестивалі аясындағы қысқы шаралар циклі өтеді.
7 қаңтарға дейін Астаналық циркте «Бақыт құсы» жаңажылдық цирк бағдарламасын тамашалауға болады. Басталуы - сағат 16:00.
5 қаңтар күні 10.00-18.00 аралығында Жастар сарайында «Феерия» VI халықаралық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы фестивалі өтеді.
Сондай-ақ, бұл күні «Ақбұлақ» мұз қалашығында сағат 10.00-11.00 және 17.00-18.00 аралығында спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады.
Сағат 12:00-де «Астана Опера» МОБТ камералық залында К. Сен-Санстың «Хайуанаттар карнавалы» атты қиял-ғажайып шығармасы қойылады.
7 - 9 қаңтар күндері Қуыршақтар театрында сағат 12.00 мен 14.00-де «Жаңа жыл түніндегі жезтырнақтың әлегі» шырша маңындағы мерекелік ойын және Аяз атадан жаңажылдық ертегі басталады.
7 қаңтар күні сағат 17:00-де «Астана Опера» МОБТ камералық залында «Астана Операдағы» музыкалық демалыс концерті өтеді.