09:57, 31 Қаңтар 2009 | GMT +5
"Демеу -Глозес" кент тұрғындарына жұмыс тауып береді
ҚЫЗЫЛОРДА. Қаңтардың 31-і. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - Шиелі ауданындағы "Демеу -Глозес" тігін фабрикасы қазіргі қаржы дағдарысынан шығудың жақсы жолдарын тауып келеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Фабрика 2006 жылдан бері жұмыс жасайды. Мұнда негізінен "Қазатомпром" кәсіпорындарындағы жұмысшыларға арнайы киімдер тігіледі. Екі ауысымда жұмыс істейтін цехтарда қайнаған тіршілік. Бір үлгіде киінген қыз -келіншектер қимылы жарасым тапқан. Кеңестік дәуірде түрлі тігін цехтарында жұмыс жасаған байырғы мамандар осы жерде кәсіптерін қайта тауыпты. Бәрі де жергілікті жердің тұрғындары. Фабрикадағы тігін машиналары Германия, Қытай, Жапон елдерінен алдырылған. Қазірде тігін мен пішу және түрлі өрнектер салу цехтарында 114 адам еңбек етеді. Орташа жалақылары 40-45 мың теңге көлемінде. Біліктілігі мен еңбек тәжірибесіне қарай алпыс мың теңгеге дейін айлық табыс алатындар бар. Үйден кіріп, үйден шыққандай жұмыс орнының аудан орталығында болуы оларға да тиімді.
? Сырттан маман алдырмаймыз, тапсырысқа сай кез-келген үлгіні өзіміздің мамандар компьютер көмегімен жасай береді, ? деді әңгіме арасында фабрика директоры Өміржан Қашқынбаев. ? Шикізатты да арнайы тапсырыс арқылы алдырамыз. Сондықтан да тігілген киімдердің сапасы айтуға тұрарлық. Арнайы тігілгендіктен өте қонымды.Тігінші қыздардың шығарған өнімдері өткен жылы облыстық көрмеде жүлделі үшінші орынды иеленді. Қараша айында Астана қаласында өнім өндірушілер көрмесінен де олжамен оралды.
Цехтардағы тігін машиналарының тынымсыз зырылы қалыпты жұмыстың әдемі ырғағын танытқандай.