Демеушілер табылды: Алматы ботаникалық бағындағы жылыжай құрылысы жалғасады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының ботаникалық бағы қуанышты жаңалықпен бөлісті.

Ботаникалық бақ аумағында 1969 жылы салынған экспозициялық жылыжайды қайта қалпына келтіру жұмыстары 2022 жылдың көктемінде басталған. Бірақ сол жылдың соңында жауапсыз мердігер жұмысты аяқтамай тастап кеткен.
Сондықтан өткен мамыр айында Алматының бас ботаникалық бағы күрделі жағдайға байланысты көмекке мұқтаж екенін ашық айтып, демеушілер іздеп жатқанын жариялады.
Бүгін ботаникалық бақтың баспасөз қызметі оранжереяны жөндеуге көмектесетін демеушілер табылғанын мәлімдеді.
- Екі жыл бойы жосықсыз қызмет көрсетушіге қатысты сот процесі жүріп жатқанда, біз барлық құзырлы органдардан көмек сұрадық, БАҚ арқылы мәлімдеме жасадық. Нәтижесінде біз жобаны қаржыландырудың бірнеше көздерімен келіссөздер жүргізіп, құрылыс жұмыстарын қайта бастау үшін көмек ала алдық. Қазіргі уақытта KAZ Minerals компаниясы мен Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қоры арасында 100 млн теңге көлемінде демеушілік көмек бөлу туралы келісімге қол қойылды. Келісімнің бір бөлігі Алматы қаласының Бас ботаникалық бағының жылыжайын қайта құру жұмыстарын қамтиды. Ал басқа демеушілермен келісімдер бекіту және қол қою сатысында, - деп хабарлады бақтан.
Ресми мәліметке сәйкес, айтылған келісім негізінде биыл 22 сәуірде «Ботаника және фитоинтродукция институты» РМК, «Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қоры» ҚФ және мердігер «Алматы Ақсу» ЖШС арасында жобаны жүзеге асыру туралы үш жақты келісімге қол қойылды.
Енді бөлінген қаражат аясында жылыжайдың екі блогында - №3 блокта және №8 «Пальмариум» блогында жұмыстар жүргізілетін болады. Келісімшартқа сәйкес мердігер: металл конструкциялар мен фермаларды демонтаждау, колонналардың іргетасын нығайту бойынша темірбетон жұмыстарын, жаңа металл конструкцияларын дайындау және орнату жұмыстарын жүргізеді.
Біз демеушілерге осы маңызды жобаның бір бөлігі болып, әлеуметтік жауапкершілікті танытқаны үшін үлкен алғысымызды білдіргіміз келеді. Біз Бас ботаникалық баққа тропиктік және субтропиктік өсімдіктердің коллекциясын сақтауға бағытталған қолдауды жоғары бағалаймыз, - деп хабарлады бақтан.
Еске салайық, Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкасында Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев кәсіпкерлер әлеуметтік жауапкершілікке назар аударуы керек екенін айтты.