Дэниел Дрисколл АҚШ-тың Украина бойынша арнайы өкілі болып тағайындалды

АСТАНА. KAZINFORM — Дрисколл Келлогты Украина бойынша арнайы өкіл лауазымында алмастырады. Бұл туралы The Guardian газетіне сілтеме жасап ТАСС агенттігі хабарлайды.

д
Фото: Eric Kayne / Stars and Stripes

АҚШ Президенті Дональд Трамп Құрлық әскерлері министрі Дэниел Дрисколлды Украина бойынша жаңа арнайы өкіл етіп тағайындады. 

Дереккөздер мәліметінше, Трамп Дрисколлды Украина бойынша арнайы өкіл етіп тағайындау туралы шешімді АҚШ-тың жоғары лауазымды әскери қызметкерлері бейсенбі күні Киевте Владимир Зеленскиймен өткізген келіссөздерінен кейін қабылдаған. Бұл лауазымда Дрисколл Кит Келлогты алмастыратын болады.

Сәрсенбі күні Reuters агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап, Келлог 2026 жылдың қаңтарында лауазымынан және Трамп әкімшілігінен кетуді жоспарлап отырғанын хабарлаған еді.

2024 жылғы 27 қарашада АҚШ Президенті Дональд Трамп зейнетке шыққан генерал Кит Келлогты Ресей мен Украина бойынша АҚШ арнайы өкілі етіп тағайындаған, бірақ кейін оның мандатын қысқартып, тек Украина бойынша арнайы өкіл ретінде белгілеген. Осы лауазымына кіріскеннен кейін Келлог Киевпен тікелей байланыста болған.

Дэниел Дрисколл басшылық еткен АҚШ делегациясы 20 қарашада Киевте Зеленскийге Вашингтонның Украина-Ресей мәселесін реттеу бойынша жаңа жоспарын ұсынған.

Путин мен Зеленский Трамптың бейбітшілік жоспарына жауап бергені анықталды.

Бұдан бұрын Трамп Украина бойынша жоспарға қол қою үшін «қолайлы мерзімді» атады.

Соңғы жаңалықтар