Денис Полубояринов Азия рекордын жаңартып, елордадағы турнирде жеңіс тұғырына көтерілді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық ауыр атлет Денис Полубояринов елордада өтіп жатқан жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатының жеңімпазы атанды.

Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, 94 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Дениске тең келер ешкім болмады.
Отандасымыз қоссайыстың қорытындысы бойынша 376 (163+213) келі көтеріп, жарыста топ жарды. Сондай-ақ серпе көтеру сайысында Азия рекордын жаңартты.
Екінші орынға өзбекстандық Руслан Рахматжонов орналасты – 345 (155+190) келі. Үшінші орынды Бахрейн өкілі Джон Мурилло иеленді - 334 (154+180) келі.
Еске сала кетейік, Аянат Жұмағалидың жастар арасындағы Азия біріншілігінде қола жүлдеге ие болғанын жазған едік. Сондай-ақ ауыр атлетикадан Қазақстан жастар құрамасының өкілі Ерасыл Сәулебеков Азия чемпионы болды.