Денис Тен мұз айдыны шоуынан түскен қаржыны 6 жасар баланы қатерлі ісіктен емдеуге жұмсайды
Оның айтуынша, Астанадағы шоуды тамашалауға 3,5 мың адам жиналған. «Олардың бәрі қайырымдылық шарасына өз үлестерін қосты. Біз жиналған қаржыны мидың қатерлі ісігімен ауыратын 6 жасар Жанбай Нұртасты емдетуге жұмсайтын боламыз. Бүлдіршінге Германияда қымбат ота жасату керек. Қазір қажетті соманың жартысы жиналды», - деді ол. Сонымен қатар үш күнге созылған шоудан түскен қаржы Қазақстандағы мәнерлеп сырғанау спортын дамытуға бағытталады. Бүгіннен бастап Алматыда Олимпиада чемпионы, әлемнің 4 дүркін чемпионы Алексей Ягудин мен әлем чемпионы, Еуропаның 3 дүркін чемпионы Бриан Жубер Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 20 балаға шеберлік сыныптары мен семинар өткізуде. Аталған шаралар 5 күн бойы жалғасады. «Семинарға балаларды Қазақстан құрамасының бапкерлері іріктеп алды. Біздің мақсатымыз - Қазақстан спортында белгілі бір бағдарламаны жасап, күрделі жаттығуларды көрсету. Кейін жыл бойы балалар аталған жаттығуларды игеріп, машықтанатын болады», - деді Денис Тен. Ал француз спортшысы Бриан Жубер болса, қазақтың ұлттық тағамдарын ұнататынын айтты. Алайда ол қанша тырысса да, қымызды іше алмапты. «Біздің сабақтарымыз балалардың болашақта чемпион болуына септігін тигізеді деп сенеміз. Қазақстандағы мәнерлеп сырғанау спортының өсуі мен дамуына ықпал етеді. Біз жаңадан спортқа келген сәтте сол кездегі Олимпиада чемпиондарымен бір рет болсын тілдесіп қалуға тырысатынбыз. Бұл балалардың дамуы мен ұмтылысына үлкен серпін береді», - деді Алексей Ягудин.