Денсаулық сақтау министрлігі елдегі ЖРВИ және тұмау статистикасын жариялады

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті елдегі ЖРВИ және тұмауға қатысты жағдайды баяндады.

тұмау
Фото: ДСМ

Денсаулық сақтау министрлігі апта сайын тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) бойынша эпидемиологиялық ахуалға мониторинг жүргізеді. Жыл сайын республикада 4-5 миллион ЖРВИ және 2 мыңнан астам тұмау жағдайы тіркеледі.

Әдетте эпидемологиялық ауру өршитін кезең 1 қазаннан 1 мамырға дейін созылады.

— Қазіргі эпидемиологиялық маусым басталғалы республика бойынша 4 065 216 ЖРВИ жағдайы тіркелді, бұл өткен эпидмаусымның сәйкес кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылықтың 15%-ға төмендегенін көрсетеді. Бұл аралықта зертханалық түрде расталған 3570 тұмау жағдайы тіркелді (А (H1N1) тұмауы — 52% (1855 жағдай), А (H3N2) — 3,6% (130 жағдай), В тұмауы — 44,4% (1585 жағдай), — деп жауап берді комитет Kazinform агенттігінің сауалына.

Республика бойынша тұмауға қарсы 2 329 912 адам екпе алған, бұл Қазақстан халқының 11,6%-ын құрайды. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымы бойынша бұл көрсеткіш кемінде 10% болуы тиіс.

Ал коронавирус бойынша 2025 жылдың басынан бері елімізде 230 жұқтыру жағдайы тіркелген, өлім-жітім жоқ. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық деңгейі 5 есеге төмендеген (2024 жылдың осы кезеңінде — 1168 жағдай тіркелген еді). Қазіргі уақытта стационарлық емдеуде жатқан науқастар жоқ.

Соңғы жаңалықтар