Денсаулық сақтау вице-министрі Ақтаудағы тамақтан уланған оқушылардың жағдайымен танысты

АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облысына  ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев және Астана медициналық университетінің дәрігерлері келді. Олар облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасына барып, тамақтан уланған оқушылардың жағдайымен танысып, қабылдау бөліміндегі мамандарының жұмысын көрді.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ақтаудағы тамақтан уланған оқушылардың жағдайымен танысты
Фото: Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация орталығынан

Вице-министрі Ержан Шәкірұлы балалардың денсаулығы жақсарып, тез қалпына келуі үшін сапалы медициналық көмек көрсетуді тапсырып, жағдайдың бақылауда екенін жеткізді.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ақтаудағы тамақтан уланған оқушылардың жағдайымен танысты
Фото: Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация орталығынан

Маңғыстау облыстық балалар көпбейінді ауруханасының директоры Гүлжан Ермекбаеваның айтуынша, жағдай тұрақталып келеді. 

– Дәрі-дәрмек қоры мен төсек-орын жеткілікті. Медициналық қызметкерлер эпидемиологиялық жағдайға байланысты түнгі кезекшілікпен жұмыс істеуде. Қабылдау бөліміне келіп жатқан балалардың саны да азайып келеді. Бүгін 15 шақты бала үйлеріне шығарылуы мүмкін, - дейді Гүлжан Ермекбаева. 

Еске салайық, Маңғыстауда Мұнайлы ауданында бір мектептің 500-ге жуық оқушысы астан уланып қалды. Олардың барлығы да мектеп асханасында тегін ыстық тамақ ішкеннен кейін ауырған. Осы оқиғадан кейін бүкіл ел бойынша мектептердің асханасы тексерілетін болды. 

Соңғы жаңалықтар