Денсаулық сақтау министрі аймақтардағы денсаулық сақтау нысандарының жағдайымен танысуда

деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
«100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бой көтерген Облыстық ауруханада болған кезінде Министр медициналық ұйымдарда қымбат құралғылар босқа тұрмауы қажеттігін атап көрсетті. Сонымен қатар, медициналық қызметкерлердің біліктіліктерін және халыққа көрсетілетін көмектің сапасын арттыру керектігіне назар аударды. Қостанай перзентханасында Денсаулық сақтау министрі медициналық мамандармен және ем алып жатқан науқастармен әңгімелесіп, пікірлерін тыңдады. Дәрігерлермен әңгіме барысында шала туған сәбилерді бағып-күту жұмыстарын күшейтуге шақырды.
Онкологиялық диспансерде болған С.Қайырбекова соңғы кезде орталықты қаржыландыру көлемі 3 есеге артқанын тілге тиек ете отырып, бастапқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын көтеруге, стационарлық және стационарды алмастырушы көмек түрлерін кеңінен қолдануға шақырды. Мұнда да дәрігерлерді және емделушілерді сөзге тартып, жағдайларын өз ауыздарынан естіді.
Денсаулық сақтау министрі сонымен қатар Қостанайдағы Қан орталығына барды. Бұл мекеме де «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынып, халықтың пайдалануына берілген. Мекеменің жұмыс барысымен танысқан С.Қайырбекова денсаулық сақтаудың аса маңызды бағытының бірі болып табылатын бұл салада донорлармен жұмысты белсенді жүргізіп, қан қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды.
Өңірдің медициналық қауымдастығымен кездесу барысында министр С.Қайырбекова халыққа сапалы медициналық көмек көрсету үшін мемлекет тарапынан қазіргі уақытта барлық жағдайлар жасалғанын атап көрсетіп, бюджет қаржысын қатаң әкімшілендіруге шақырды. Кездесу барысында сала жетекшісі мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген Қазақстанда онкологиялық көмек көрсетуді дамыту салалық бағдарламасының жобасын таныстырып, еліміздің денсаулық сақтау ұйымдарына арнап медициналық техникалар сатып алу және жоспарлаудың тұжырымдамасын талқыға салды. Сонымен қатар, ҚР Президентінің Қазақстан халқына арнаған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында айтылған денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған өзге де бағыттар жөнінде баяндады. ҚР Денсаулық сақтау министрі С.Қайырбекова кеше, 4 наурызда Қостанай облысының Меңдіқара аудандық орталық ауруханасында, Первомайское кентінің дәрігерлік амбулаториясында, Боровое ауылындағы дәріханада болды.