18:07, 23 Ақпан 2009 | GMT +5
Денсаулық сақтау министрі Қазақстан студенттері альянсының көшбасшыларымен кездесті
АСТАНА. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат /Құралай Жолдыбаева/ - Бүгін Денсаулық сақтау министрлігінде аталмыш ведомствоның басшысы Жақсылық Досқалиев Қазақстан студенттері альянсының көшбасшыларымен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Кездесуде медициналық білім және студенттік ортада салауатты өмір салтын қалыптастыру, сондай-ақ есірткіқұмарлықпен және темекі шегумен күрес жөніндегі өзекті мәселелер талқыланды. ҚР Президентінің тапсырмасымен Денсаулық сақтау министрлігі медициналық жоғары оқу орындарында оқитын студенттерін әлеуметтік қорғау іс-шараларын қолға алуда. Ақылы негізде оқитын студенттер бойынша мониторинг жүргізілді. Денсаулық сақтау министрлігі Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп ақылы негізде оқитын студенттерге арнайы әлеуметтік көмек көрсетуді көздеп отыр. Олардың қатарында үздік оқитын студенттерге қосымша білім гранттарын беру; жетім, әлеуметтік қорғалмаған және тұрмысы нашар отбасы балаларына ұзақ мерзімді жеңілдетілген білім несиелерін беру бар.«Мен бүгінгі кездесуіміздің маңызы зор деп санаймын. Сендер елдің болашағысыңдар, тәуелсіз еліміздің даму мен өркендеуіне үлес қосатын, атсалысатын азаматтарсыңдар. Қазақстанда білім алуға барлық жағдай жасалған. Жоғары курстарда ақылы оқитын үздік студенттерді тегін оқу бөліміне ауыстыру көзделіп отыр. Біз дағдарыс кезеңінде еліміздің қамы үшін жұмыс істеуге дайын болып отырған жоғары курс студенттерінен айырылып қалғымыз келмейді», - деп атап өтті министр.