Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығы вакциналауды өздерінен бастады
Осы мәселеге байланысты биыл ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов адамдардың кейбіреулері вакцинаның сапасына күдіктеніп, жағымсыз ақпараттың салдарынан сенімсіздік танытып жатқанын айтқан болатын. Оның пайымынша, әсіресе, балаларға екпе салудың маңыздылығын ұмытпау қажет. «Министрлік вакцинация мәселесін жан-жақты түсіндіріп келеді. Соған қарамастан, екпеден бас тартып жатқандар аз емес. Сол себепті қоғамдық денсаулық сақтау қызметтері осы жұмыспен тығыз айналысуы қажет»,- деп атап көрсетті министр.
Ал ағымдағы жылы Үкімет үйінде өткен брифингте ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Қазақстанда заңмен вакцинацияны міндетті түрде талап ету енгізілуі мүмкін екенін мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта заңнамаға түзетулер топтамасы әзірленуде. Оның ішінде, мәселен, вакцинацияны міндетті түрде талап ету мәселесі де талқылануда. Бірақ, мұны жақтаушылар да, қарсы болушылар да бар. Біз барлық тараптың пікірін ескеруіміз керек. Әзірше, бұл мәселеге қатысты түбегейлі шешім қабылданған жоқ», - деді ол.
Дін істері және азаматтық қоғам министрінің пікіріне қарасақ, вакцинадан бас тартудың салдары өзге азаматтардың құқықтарының бұзылуына алып келеді. Бұл тұрғыда міндетті вакциналау енгізілсе, ол бірінші кезекте өте қауіпті инфекциялар мен паразиттік аурулар бойынша қарастырылады. «Атап айтқанда, бұл қадам бір баладан екінші балаға берілетін қауіпті инфекциялар аясында ескерілуде. Егер де біреу екпе жасамаса, онда ол өзіне ғана емес, сонымен қатар басқаларға да жұқтыруы ықтимал. Сондықтан да бұл тұрғыда өзге адамдардың да құқықтары бұзылады. Яғни бұған жол берілмеуі қажет»,-дейді Ермекбаев.
Вице-министр вакциналауда үлгі көрсетті
Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері екпе жасау мәселесінде оның маңыздылығын сөзден гөрі іспен дәлелдегенді жөн көрген сыңайлы. Бүгін Астанадағы №9 емханада ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой мен ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин тұмауға қарсы екпе жасатты. Онымен қоймай, Ж. Бекшин 5 жастағы немересі Санжарға да осы емханада вакцина еккізді.
Комитет басшысының сөзіне қарағанда, 2017 жылғы 2 қазаннан Қазақстанда тұмауға қарсы жаппай вакцина егу шаралары басталады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, биыл негізінен вирустың үш штаммы таралмақ, яғни A (H1N1) - Мичиган, A (H3N2) - Гонконг, В - Брисбен өзекті болады. Осы орайда барлық штаммдар ДДСҰ сертификаттаған вакцияналарда қамтылған. «Ағымдағы жылы елімізде Ресейде өндірілген «Гриппол» екпесі пайдаланылады, бұл вакцина ДДСҰ тарапынан сертификатталған және оның сапасы ұлттық деңгейде де расталды», - деді Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы.
Белгілі болғандай, биыл Қазақстанға аталған вакцинаның 2 миллион дозасы жеткізілді, соның 1,5 миллионы 1 миллиард 200 миллион теңге сомасында республикалық бюджет қаржысына сатып алынды. Тағы да 500 мың доза жұмыс берушілер мен тұрғындар тарапынан жасалған өтінім бойынша тапсырылды. Мемлекеттік бюджет есебінен вакциналаудан созылмалы өкпе, жүрек-қан тамыры дертімен ауыратындар, ауруға жиі шалдығатын балалар, медицина қызметкерлері, екінші және үшінші триместріндегі жүкті әйелдер өтеді.
«Жақында біздің халықтың иммуналогиялық мәртебесіне зерттеу жүргіздік. Бұл тұрғыда Қазақстан халқының 20 пайызында тұмаудың аталған штаммдарына иммунитетінің жоқтығы анықталды. Сондықтан вакциналау маңыздылығы байқалып отыр», - дейді комитет басшысы.
Жыл сайын Қазақстанда тұмауға қарсы халықтың 10 пайызына дейін егіледі. Бұл вакцинаның құны өңірлердегі ақылы кабинеттерде 2000-нан 3500 теңге аралығында болады.
Инфекциялық ауруларға қарсы 5 миллионға жуық адам егіледі
Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цойдың атап өтуінше, Қазақстанда иммундық-профилактика алдын алу шаралары аясында денсаулық сақтаудың басым бағыттарының бірі және республикада вакцинациялау нәтижесінде инфекциялық аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдай жақсарды.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, соңғы 20 жылда қызамықпен сырқаттанудың 2540 еседен артық; эпидемиялық паротиттің - 310 еседен артық; «В» вирустық гепатиті 54 есе, ал осы инфекцияға қарсы иммундалған балалар арасында 112 есе төмендегені байқалады, сондай-ақ көкжөтелмен сырқаттанудың тұрақты төменгі деңгейі ұсталуда, дифтерия мен сіреспенің бірлі-жарым жағдайлары кездеседі.
«Вакциналар мен басқа да медициналық иммундық-биологиялық препараттар негізгі дәрілік заттардың тізіміне енгізілген және халықты вакцинациялау тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіреді. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексіне сәйкес, жеке адамдар, оның ішінде Қазақстан аумағындағы шетелдік азаматтар инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық егулер алуға құқылы», - деді вице-министр.
Балаларды сапасына кепілдік берілген вакциналармен қамтамасыз ету мақсатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өндірісін ДДСҰ сертификаттаған вакциналарды сатып алады.
Жыл сайын Қазақстанда инфекциялық ауруларға қарсы 5 миллионға жуық адам егіледі, оның ішінде 1,3 миллионы балалар. Қазақстан Республикасында мақсатты инфекцияларға қарсы вакцинациялаудың жыл сайынғы қамту деңгейі 95-96 пайызды құрайды екен, бұл өз кезегінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы шегіне кіріп отыр.