Денсаулық сақтау жүйесін дамыту басты назарда

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспары әзірленіп жатқандығына тоқталды. Медициналық ұйымдардың желісі денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспары негізінде жүйеленеді. Онда алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту, медициналық ұйымдардың менеджментін жақсарту, инвестициялар тарту және жеке сектордың үлесін ұлғайту, денсаулық сақтау жүйесінің сапасы мен экономикалық тиімділігін арттыру көзделген.
Министр елімізде бір жерде ауруханада науқастарға орын жетпей жатса, келесі мекенжайда, керісінше, емханадағы бос орындар тым көп болып кеткендігін, бұл денсаулық сақтау саласы инфрақұрылымын дұрыс жоспарламаудың көрінісі екендігін ашып айтты. Осы ретте денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай жоспары аса қажет.
«Қазақстанда 7914 денсаулық сақтау мекемесі бар. Соның ішінде 85,5%-і мемлекеттік емханалар болса, 14,5%-і жеке меншікке тиесілі. Медициналық ұйымдардың тең жартысы 30 жыл бұрын салынған. Өткен жылы 11 мыңға жуық адам ауруханаға жатқызуды 90 күннен астам уақыт күткен. Алайда, республика бойынша 4,2 мың жатын орын бос тұрды. Осының өзі дұрыс жоспар құрмаудың дәлелі», деді Е.Біртанов.
Қазірде жергілікті атқарушы органдар медицина саласын дамытуға 1 трлн. теңге сұрап отыр. Дегенмен, құрылыс нысандарын жоспарлау кезінде олардың бюджет ақшасын көптеп алуға да талпынатындары жоқ емес.
Мәселен, Астанада балаларға арналған инфекциялық емханада бір жатын орынға 240 шаршы метр қарастырылған. Ондай көрсеткіш халықаралық талаптардан екі есе артық, ал республика бойынша салынатын нысандар көрсеткішінен алты есе жоғары болып тұр. Осылайша, бір жатын орынға бюджеттің біраз ақшасы кетіп жатады.
«Амбулаторлық мекемені салу кезінде нақты қажеттілік, яғни жергілікті халықтың саны ескерілмейді. Соның салдарынан жатын орындар бос тұрады. Жергілікті органдар бюджет қаражатын тиімді жұмсауға жауапсыз қарайды», деді министр.
Отырыста Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі А. Браун, Азия даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің директоры Дж. Капаннелли, сондай-ақ Алматы облысының әкімі А.Баталов аталған бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Мәселені қарастырудың қорытындысы бойынша, Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Денсаулық сақтау министрлігіне облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдерімен денсаулық сақтау нысандарының желісін жоспарлау жұмыстарын қосымша пысықтап, мұндайда өңірлердің ерекшеліктерін, халық санын, ауру-сырқаулар құрылымы мен саланы дамытудың басымдықтарын ескеруді тапсырды. Ұсынылатын қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатымен медициналық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жалғастыру қажеттігіне назар аударды.
Ведомствоға уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп жеке медицинаны дамыту бойынша жұмыстарды жандандыру, медициналық мекемелердің құрылыс жұмыстарына қатысты санитарлық нормалар мен ережелерді жеңілдету, денсаулық сақтау саласын реттеу шараларын қабылдау, медициналық инфрақұрылымды жаңғырту аясында денсаулық сақтау нысандарының құрылысына арналған типтік жобаларды құру мәселелерін пысықтау тапсырылды.