Денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесі халыққа жасалынатын зор көмек - Денсаулық сақтау министрі

АСТАНА. Қаңтардың 13-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесі халыққа жасалынып жатқан үлкен көмек, сонымен қатар тікелей Мемлекет басшысының бақылауында тұрған бағдарлама.
None
None

Бұл бағдарлама бізді бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылуға 1-2 саты жақындатады. Бұл пікірді бүгін елордадағы Медициналық ақпараттық-талдау орталығының Сауықтыру бюросында болған денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев білдірді.

«Елімізде осындай жүйені құрмай бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосыла алмаймыз. Бұл жүйенің ең бірінші ұстанымы - денсаулық сақтау мекемелерінің бәсекеге қабілеттілігін көтеру. Осыған байланысты медицина саласындағы кепілдендірілген көмек бәсекеге сәйкес құрылып отыр. Мұнда тек қана медициналық мекемелер ғана емес, сонымен қатар жекеменшік ұжымдар да қатысады. Олардың барлығы да бәсекеге сәйкес жұмыс жасауда», деді Денсаулық сақтау министрі.

Оның айтуынша, аталған жүйенің екінші ұстанымы - әр азаматтың емхананы өзі таңдау еркіндігі. Осыған сәйкес кез-келген азамат өзінің емделгісі келген емханасын таңдай алады. Егер ол жерде дұрыс көмек көрсетілмесе немесе қызметіне көңілі толмаса басқа мекеменің қызметіне жүгінуіне болады. Сондықтан мемлекет қаражаты да таңдаған мекемеге аударылады. Келесі ұстаным бойынша - көрсетілген көмек нақты, анық болуы шарт. Оның емдеу, сондай-ақ дәрі-дәрмектің қажеттілігі сияқты арнайы стандарттары бар. Ал соңғы ұстанымға орай көрсетілген қызметке байланысты қаражат төленеді. Мәселен, ауру толық емделсе, онда қызмет көрсетілген мекемеге 100 пайыз қаражат аударылады. Егер ауру адам қаза болса, немесе емделгеннен кейін мүгедек болып салса, жалпы алғанда осындай келеңсіз жағдайларға душар болса, онда арнайы сараптама жүргізіледі. Осыдан кейін ғана емханаға қаражат төлеу немесе төлемеу мәселесі шешіледі. Сонымен қатар әрбір емделуші ауруханадан шығар кезде көрсетілген қызметке қанағаттанғандығына немесе қанағаттанбағандығына байланысты өз пікірін жазып қалдырады. Егер емделуші қанағаттанбаса онда төленетін қаржының көлемі сараптама арқылы шешіледі.

«Қаңтардың 5-10 аралығында барлық мекемелерге жылда алатын қаражаттарының 30 пайызы аударылды. Бұл бұған дейін болмаған. Енді осы мекемелер азаматтарға дұрыс медициналық көмек көрсетіп, әр емделушінің көңілінен шығуы керек», деді Ж.Досқалиев.

Соңғы жаңалықтар