Депозиттердің долларлануы 3 пайызға төмендеді - Ұлттық банк

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық валютадағы депозиттер  766 млрд теңгеге өсті. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері тамыздың соңында 30,8 млрд АҚШ доллары, Ұлттық қордың активтері 56,5 млрд АҚШ доллары болды. Жалпы халықаралық резервтер 87,3 млрд АҚШ долларын құрады», - деді ол.

 Д.Ақышевтің айтуынша, 7 айда депозиттер 3,6 пайызға ұлғайып, 18,1 трлн теңге болды. Ұлттық валютадағы депозиттер 8,4  пайызға немесе 766 млрд теңгеге өсті. Шетел валютасындағы депозиттер 1,5 пайызға немесе 128 млрд теңгеге қысқарды. Нәтижесінде, депозиттердің долларлануы жыл басындағы 48 пайыздан шілдеде 45 пайызға дейін төмендеді.

«Кредиттеу нарығы қалпына келуде. Банктердің кредиттері шілденің соңында 13 трлн теңге болды. Статистика банктердің кредиттік портфелінің өзгермейтінін көрсетсе де, сапалы өзгерістер болуда», - деді банк басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, бірқатар банктердің жабылуы және жекелеген институттардың қалыпқа келуі нәтижесінде кредиттік портфель 1,2 трлн теңгеге қысқарды. Бұл институттардың кредиттері енді есептілікте көрсетілмейді. Алайда, басқа банктер кредиттік портфелін 1,4 трлн теңгеге өсірді.

«2018 жылғы 7 айда берілген кредиттердің көлемі 28 пайызға немесе 1,6 трлн теңгеге ұлғайды. Кредиттердің негізгі бөлігі теңгемен беріледі. Ол 1,3 трлн теңгені құрайды. Кәсіпорындарға теңгемен берілген кредиттер бойынша мөлшерлеме 12,4 пайызға дейін төмендеді», - деді Данияр Ақышев.

Соңғы жаңалықтар