Депутат ауыл халқының табысын көтерудегі кемшіліктерді атады
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру кезінде анықталған кемшіліктерді жария етті.

- Біздің партия қолға алған салалық бағдарламаның бірі «Ауыл аманаты» деп аталады. Үш жыл бұрын іске қостық, жетістіктер баршылық. Тек 2023 жылы 100 млрд теңге шағын несие берілді. 15 000 жаңа жұмыс орны ашылды. Бірақ бағдарламаның орындалуына келгенде, айтылып жатқан сын аз емес. Әзірге, ауыл халқының табысын толтыруға арналған елдегі жалғыз жоба – осы болғандықтан, одан үміт күтетін ел көп. Бірақ, сол елдің бұл жобаға айтар өкпе-назы да жоқ емес. Неге бұлай? Кәсіптен нәсібін тапқысы келетіндерді әкімдік әуре-сарсаңға салған. Бюрократия салдарынан үш-төрт айлап құжат жинатып, табанынан тоздырады. Екіншіден бұл жобаны қаржыландыру тетігі де қарын ашытады. Негізі жобаның басты мақсаты - 7 жылда 350 мың жұмыс орнын ашып, жыл сайын кемінде 20-25 мың тұрғынға микронесие берілу керек. Бірақ бюджет тапшылығына байланысты, былтыр жобаға бар болғаны 20 млрд теңге бөлінген, - деді Мақсат Толықбай Мәжілістің жалпы отырысында премьер-министрдің орынбасары–Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің атына жолдаған сауалында.
Оның айтуынша, кооперативтерде ветеринар, зоотехник, механизатор, агроном сияқты мамандар жетіспейді. Сондықтан ең алдымен ауыл тұрғындары арасында жалпы жоба туралы, соның ішінде ауыл кооперативтерінің жұртқа, нарыққа беретін пайдасы мен мүмкіндіктері туралы түсіндіру жұмыстарын ширатқан жөн.
- Жалпы кредиттің бәрін тек мал сатып алуға ғана беруге болмайды. Мал жатқанға емес, баққанға бітеді. Ал оны бағып қағу үшін жайылымдардың жайын айтпағанда, елде әлі күнге дейін көпке үлгі болатын жем-шөп дайындайтын орталықтар жүйесі жоқ. Бұл да өзекті. Сонымен қатар қазір шалғайдағы ауылға лизингке тракторлар беріле бастады. Жақсы бастама. Бірақ техника ертең сынбай ма? Оған ары қарай қосалқы бөлшектерін қайдан алады ел? Жаппай тракторларға қызметті кім көрсетеді? Техниканың сақталуын кім қамтамасыз етеді? Қысқасы айта берсең басы ашық сұрақтар өте көп. Сондықтан сізден, осы мәселелерге шұғыл арада назар аударуыңызды сұраймын, - деді депутат.
Былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға өтінім беру жеңілдейтіні хабарланған еді.