Депутат еліміздің шығыс өңірінде жанар-жағармай бағасының қымбатшылығы мен тапшылығын айтты
Бұл пікірді бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нұртай Сабильянов айтты. Депутат бұл мәселеге ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің назар аударуын сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Депутат жуырда Шығыс Қазақстан облысының Аякөз, Жарма, Үржар аудандарының 20-дан астам елді-мекендерінде болып, сайлаушылармен кездесулер өткізген кезде тұрғындар тарапынан жанар-жағармай бағасының күрт қымбаттауына қатысты мәселе көтерілгенін жеткізді.
Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысы бойынша жанармайдың Аи-80 маркасы 75-85 теңге шамасында болса, Шар және Зайсан қалаларында 105 теңге болып отыр. Ал Аи-93 маркалы жанармай облыс көлемінде 90-100 теңге көлемінде сатылса, Шар мен Зайсан қалаларында 115-120 теңгеге дейін жеткен. Дизель отыны облыста 63-75 теңге шамасында болып отыр.
«Тіпті кейбір елді-мекендерде бензиннің тапшылығы байқалуда. Жеке кәсіпкерлер осындай жағдайды пайдаланып жанар-жағармайдың бағасын өсіруде»,- деді депутат Н.Сабильянов.
Осыған орай Үкімет басшысынан бірнеше мәселені ретке келтіруге ықпал етуін сұрады. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысында жанар-жағармай бағасының күрт қымбаттауының себебін анықтауды және оның бағасын реттеу мәселесін шешуді, сондай-ақ бәсекелестікті қалыптастыру үшін «Қазмұнайгаз» Ұлттық мұнай-газ компаниясының жанар-жағармай сататын орындарын Шығыс Қазақстан облысының қалалары мен аудан орталықтарында ашу мәселесін қарастыруды өтінді.