Депутат еңбек мигранттарына қосымша салық салуды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаев Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына сауал жолдап, еңбек мигранттарына қосымша салық салу туралы ұсыныс айтты.

мигрант паспорт
Фото: Polisia.kz

— «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» акционерлік қоғамының болжамдары бойынша, 2025-2035 жылдары жалдамалы еңбек күшін сұраныс базалық сценарийде 3 млн адамға жетеді деген есеп бар. Оның ішінде 813 мың адам жұмысшы кадр болмақ. Қазақстандағы еңбекақы деңгейі Орталық Азия елдері арасында ең жоғары болып отыр және аймақтағы орташа көрсеткіштерден айтарлықтай асып түседі. Қазақстанда, әсіресе, қызмет көрсету, құрылыс және ауыл шаруашылығы саласында жұмыс орындары жеткілікті. Ал Еуропа мен Ресей шетелдіктерді өз аумағына кіргізу ережелерін қатаңдатқанын байқап отырмыз. «Ақжол» партиясының фракциясы Қазақстанға бауырлас Орталық Азия республикаларынан еңбек мигранттарын тарту қажет деп санайды. Алайда, көші-қон ағындарын біліктілікке, салықтарға және интеграцияға баса назар аудара отырып, стратегиялық тұрғыдан басқару қажет, — деді депутат.

Депутат сауалында көрші елден келетін еңбек мигранттарына қойылатын талаптарды қайта қарау ұсынылған. Тіпті, жұмыс күші тапшы салаларда еңбек мигранттарын тарту квотасының санын ұлғайтып, рұқсат алу рәсімдерін оңайлату керек екені айтылған.

— Еңбек мигранттарына қосымша салық енгізіп, олардың санын салықты көтеру және төмендету арқылы реттеу қажет, — деді Ерлан Барлыбаев.

Бұған дейін шетелдік жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілерге қойылатын талаптар өзгеретінін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар