Депутат Қазақстанға көлік-логистикалық хабтардың бірыңғай моделін енгізуді ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — Парламент Мәжілісінің депутаты, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Әбутәліп Мүтәлі Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа халықаралық транзит пен көлік-логистика саласын дамытуға қатысты депутаттық сауал жолдады.
Депутат өз сауалында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды Еуразиядағы негізгі транзиттік хаб әрі толыққанды көлік-логистикалық державаға айналдыру міндетін бірнеше рет атап өткенін еске салды.
Сауалда 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан арқылы өтетін транзит көлемі 36,9 млн тоннаға жеткені айтылған. Сонымен қатар елдің халықаралық транзит саласында әлі де зор әлеуеті бар екені атап өтілді.
Әбутәліп Мүтәлінің пікірінше, Қазақстан тек транзиттік дәліз қызметімен шектелмеуі тиіс. Оның орнына өндіріс, цифрлық сервистер мен экспортты біріктіретін қосымша құн қалыптастыру моделіне көшу қажет.
Сондай-ақ қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан Smart Cargo, логистикалық паспорт, инфрақұрылымның цифрлық көшірмесі және қағазсыз құжат айналымы секілді жобалардың бірыңғай индустриялық-логистикалық экожүйеге біріктірілмегені айтылды.
Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, депутат БАӘ-дегі Джебель-Али, Сингапурдағы Туас және Германиядағы Дуйсбург порттарын мысалға келтірді. Оның айтуынша, бұл орталықтар тек транзиттік дәліз емес, жүкті өңдеу, қаптау, сертификаттау және қайта экспорттау қызметтері дамыған индустриялық-логистикалық экожүйе ретінде жұмыс істейді.
Сонымен қатар цифрлық ашықтық мәселесіне де назар аударылды. Мәжілісмен кәсіпкерлердің жүктердің қозғалысын онлайн бақылау мүмкіндігі шектеулі екенін атап өтті. Осыған байланысты жүк келгенге дейін барлық салық, баж, алым және логистикалық шығындарды автоматты түрде есептейтін алдын ала цифрлық төлем жүйесін енгізу ұсынылды.
Әбутәліп Мүтәлі Үкіметке бірнеше ұсыныс жолдады. Атап айтқанда:
— еркін экономикалық аймақтар, индустриялық аймақтар мен логистикалық орталықтарды біріктіретін арнайы индустриялық-логистикалық хабтар режимін енгізу;
— Smart Cargo, «бір терезе», логистикалық паспорт және электрондық тасымалдау құжаттарын қамтитын толық цифрлық интеграцияны қамтамасыз ету;
— барлық төлемдердің алдын ала цифрлық есептеу жүйесін енгізу;
— еркін экономикалық аймақтар мен логистикалық нысандарға ревизия жүргізіп, 2035 жылға дейінгі ұлттық даму бағдарламасын әзірлеу;
— Үкімет жанынан бірыңғай үйлестіруші орталық құру.
Оның айтуынша, бұл шаралар Қазақстанға қарапайым транзиттік модельден көлік-логистика саласында қосылған құн қалыптастыратын экономикаға көшуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін сенатор Ғалиасқар Сарыбаев өзінің депутаттық сауалында қазіргі геосаяси қауіп-қатер мен төтенше жағдайлар ахуалында әскери медициналық кадрларды даярлау мәселесін көтерді.