Депутат Қырықбаев ет экспортына салынған тыйымды жоюды сұрады
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров пен Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтан ет экспортына салынған тыйымды жоюды сұрады.
— Қазақстан Республикасынан ет өнімдерін экспорттауға қойылған тыйымды толық және шартсыз жоюды сұраймын. Бұдан әрі сыртқы сауда мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырыстарына және Халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу үшін әр облыстан бір фермерді енгізуді ұсынамын. Бұл ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің нақты сұраныстарын ескере отырып, анағұрлым үйлесімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді, — деді депутат.
Ол ет экспортына салынған тыйымды жою туралы талабын былай түсіндірді.
— Экспортқа тыйым салу — экономикалық тұрғыдан негізсіз деп санаймын, өйткені, бұл шешім болашақта еліміздің сыртқы нарықтарға қол жеткізуін шектейді және алдағы уақытта ірі қара мал бағасының үш есеге өсіп кетуіне ықпалын тигізеді.
Бұл жағдайда Үкімет халық үшін еттің бөлшек бағасын төмендетеміз деп жариялаған мақсатына жете алмады. Өйткені нарықтың заңдылықтарын күшпен өзгерту мүмкін емес. Егер ет өндіру тиімсіз болса, онда баға, керісінше, барлық тұтынушы үшін қымбаттай түседі, — дейді Темір Қырықбаев.
Сондай-ақ, ол Үкімет бұған дейін Түркістан облысынан ет экспорттауға рұқсат беру арқылы өзге ет өндірушілерге әділетсіздік жасағанын айтады.
— Мұндай жағдай лоббизм мен олигополия белгілерін еске салады. Бұл қаншалықты заңды? Неліктен дәл осы компанияға экспортқа рұқсат берілді және таңдау қандай критерийлер бойынша жасалды?
Тыйымның салдарынан басқа фермерлердің табысы төмендеп, сатып алу бағасы күрт құлдырап, инвестициялық тартымдылық төмендеп, нарық механизмдері бұзылып, хаос пен белгісіздікті тудырып отыр, — деді Мәжіліс депутаты.
Еске салсақ, Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында жылқы еті әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қатарына енуі мүмкін екенін айтқан болатын.