Депутат МӘМС туралы: басқару тетіктері ашық болу керек
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) айналасындағы дау-дамайға қатысты пікірін сұраған едік.

- Инфрақұрылымдық және кадрлық өзгерістер жасау керек. Инфрақұрылымдық дегенге не кіреді, қазір цифрлық мүмкіндікті жасап қою керек. Мен қанша ақшам түсті, қайда кетіп жатыр, оны басқару тетіктерінің бәрі ашық болу керек. Ешкім ештеңе ұрлай алмайтындай болуы керек, - деді Еділ Жаңбыршин Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Халық қалаулысының айтуынша, МӘМС қаржысын игеру бойынша жауапкершілікті қатаңдату қажет.
- Сосын жақсы, білікті мамандарды тарту қажет, ондай азаматтар бар. Сондықтан адамдарға мүмкіндік беріп, инфрақұрылымдарды жасау керек. Егер дұрыстап кірісетін болса, 2 жылдың ішінде шешуге болады, қиын жағдай емес, - деп толықтырды Е.Жаңбыршин.
Кеше өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басысы МӘМС жүйесін реформалауды жалғастыру керектігін баса айтты. Президенттің айтуынша, Үкімет Парламентпен бірге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын жедел пысықтауы керек.