Депутат мәйіттерді тасымалдау мәселесін көтерді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары сот-медициналық сараптама қызметін жетілдіру мәселесін көтерді. Осыған орай, олар ҚР Әділет министрі Марат Бекетаевқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутат мәйіттерді тасымалдау мәселесін көтерді

Депутат Зәуреш Аманжолованың айтуынша, елімізде сот-медициналық сараптама қызметінің жағдайы мәз емес. Қазіргі кезде арнайы орталықтың 20 жергілікті құрылымы бар. Солардың ішінде Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау мен Шығыс Қазақстан облыстары, Алматы мен Нұр-Сұлтанның сот-медициналық мәйітxаналары әбден тозған. Аталған нысандар өткен ғасырдың 1915-1950 жылдары салынған.

«Республикада сот-медициналық бөлімшелер жетіспейді. Соның салдарынан Маңғыстау мен Ақмола облысында мәйіттерді жүздеген шақырымға тасып жүреді. Ал Павлодар облысында екі-ақ бөлімше бар. Олар Екібастұз бен Ақсу қаласында орналасқан», - деді З.Аманжолова бүгінгі пленарлық отырыста.

Оның сөзіне қарағанда, маман тапшылығы да барынша байқалады. Бүгінде алты мемлекеттік медициналық университеттің екеуі ғана сот-медициналық сараптама мамандарын даярлайды.

«Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдарымен бірлесе отырып, жаңа ғимараттарды салу мәселесін қарастыру қажет деп санаймыз. Соның барлығын заманауи құрал-жабдықтармен және тоңазытқыш құрылғылармен қамтамасыз ету керек. Қазіргі ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізген жөн. Ал зертxаналарға озық аппараттар мен реагенттерді жеткізу керек. Сот-медициналық сараптама мамандарын даярлау бағдарламасын да қайта қарап шыққан маңызды. Ауылды жерлерде жұмыс істейтін мамандарды баспанамен қамту жағын ұмытпауымыз қажет», - деп атап көрсетті З.Аманжолова.