16:22, 04 Ақпан 2009 | GMT +5
Депутат сауалы бойынша Салық кодексіне өзгерістер енгізілді
АСТАНА. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Өткен жылғы желтоқсанда қабылданған Салық кодексінің басты мақсаттарының бірі жер қойнауын өндірушілерге салық жүктемесін ұлғайтып, басқа салаларға азайту болып жоспарланған.

Дегенмен жаңа қолданысқа енгізілген Салық кодексіне жер қойнауын пайдаланушыларға жеңілдіктер енгізіліп кеткен. Атап айтқанда, осы кодекстің 495-бабының 3-тармағына тек қана көмірсутектер, көміртегі тотықтары және метан ластаушы заттардың төлем ставкалары белгіленген. Осы орайда Салық кодексіне түзетулер енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Ал ілеспе газдарды жаққанда шығарылатын азот диоксиды, күл, күкірт диоксиды, күкірттегі сутегі, меркаптан ластағыш заттардың қатарынан алынып тасталып, оларға төлем ставкалары белгіленбеген. Бұл заттар барлық ластаушы заттардың 92 пайызын құрайды. Осының салдарынан мұнай өндіруші компаниялар ілеспе және табиғи газды жағудан ластағыш заттардың шығарындылары үшін 8 пайыз ғана төлемақы төлейді. Енбей қалғандар қоршаған ортаны ластаушы және тұрғындардың денсаулығына кері әсерін тигізетін зиянды заттар.Аталған мәселенің экологиялық және әлеуметтік-экономикалық маңыздылығын ескере отырып, Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған болатын.Мәжіліс депутатының айтуынша, бұл мәселе мұнай өндіруші өнірлердің жергілікті бюджеттерінің орындалмауына алып келуі ықтимал. Мысалы, Қызылорда облысының бюджетінде қоршаған ортаны ластағыш заттардан түсетін төлем көлемі 1 млрд. 500 млн. теңге деп бекітілген. Дегенмен, азот тотықтары және күйе үшін төлем ставкалары белгіленбегендіктен жергілікті бюджетке 1 млрд. 220 млн. теңге қаржы түспеуі және бюджеттік түсімдердің орындалмауы күтілуде. Осындай жағдай басқа мұнай өндіруші облыстарда да орын алып отыр. Алдын ала есептемелерге сәйкес Ақтөбе облысының бюджетіне 15 млрд. теңге, Маңғыстау облысының бюджетіне 605 млрд. теңге түспеу қаупі болған. Бұл өз кезегінде әлеуметтік бюджеттік бағдарламалардың жүзеге асырылмауына алып келуі ықтимал. Бұл қазіргі әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында мұнай өндіруші өңірлерде әлеуметтік саланы ушықтыруы мүмкін еді.
Осы олқылықтарды жою үшін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ислам банктерін ұйымдастыру мен олардың қызметі және исламдық қаржыландыруды ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы шеңберінде Салық кодексінің 495-бабының 3-тармақшасына ілеспе және табиғи газдарды алауларда жаққан үшін азот диоксиды, күл, күкірт диоксиды, күкірттегі сутегі, меркаптан үшін төлем ставкалары бекіту жөнінде өзгерістер енгізілді. Бүгінгі Мәжілістің жалпы отырысында аталған заң жобасы қабылданып, Мемлекет басшысына қол қоюға жолданды.