Депутат ҰБТ-ға дайындалуға мүмкіндік беретін онлайн-платформаны іске қосуды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалу үшін мемлекеттік білім беру онлайн-порталын іске қосу қажет. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысының орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атына сауал жолдаған депутат Магеррам Магеррамов айтты.
— 2025 жылғы негізгі ҰБТ-ның қорытындысы бойынша тестілеуге 210 мыңнан астам түлек қатысқан екен. Солардың шамамен тек 76 пайызы шекті балды еңсере алды. Орташа нәтиже 140 балдан 69 балл болды. Түлектердің 24 пайызға жуығы ең төменгі шекке жете алмады. Мұнан бөлек, 711 заң бұзу тіркеліп, қатысушылардың бір бөлігінің нәтижесі жойылды. Бұл көрсеткіштер түлектерді дайындауда және мектептердегі жалпы білім сапасында күрделі проблемалардың бар екенін дәлелдейді, — деді депутат.
Оның айтуынша, мектептерді сапалы дайындыққа жағдай жасалмағандықтан ата-аналар коммерциялық білім беру орталықтарына жүгініп, қаржы шығындап отыр.
— Мемлекет мектеп жүйесінің өзінде барлық мектеп түлегі үшін ҰБТ-ға дайындалуға теңдей әрі әділ жағдайлар жасау жауапкершілігін өзіне алуы тиіс, — деді Магеррам Магераммов.
Осыған орай Мәжіліс депутаты Үкіметке мынадай ұсыныстар берді:
— мектеп түлектерінің мемлекеттік емтихан көрсеткіштеріне сараптама жүргізіп, ҰБТ нәтижелерімен салыстыру, мектеп түлектері емтихандары көрсеткіштерінің ҰБТ нәтижелерімен айтарлықтай айырмашылық себебін анықтау қажет;
— ҰБТ-ға дайындалу үшін ресми мемлекеттік білім беру онлайн-порталын іске қосу керек;
— өңірлер, мектеп түрлері бойынша бөле отырып, ҰБТ нәтижелері бойынша жан-жақты есепті жыл сайын жариялау, мектеп бағдарламаларын түзету үшін әдеттегі қателіктерді түзету қажет.
Айта кетейік, 2026 жылғы қаңтар ҰБТ-сы басталғаннан бері 139 мыңға жуық адам тестілеуден өтті.